Журналистика заман талабына сай жаңғыру үдерісін бастан өткеруде. Соның ішінде газет өндірісін әртараптандыру әдісімен әлемдік медиа кеңістігіне бейімдеу, оны табыс көзіне айналдыру тетіктерін тиімді іске қосу, оқырман баулу – бүгінгі баспасөздің басты мәселесі болып қала бермек. Біздің өңірде жарық көретін жеті басылымды бір арнаға тоғыстырған медиа серіктестік – «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Дутбаевамен өңір тарихымен егіз өрілген баспасөз құралдарының өміршеңдігі жөнінде әңгіме өрбіткен едік.
– Айсұлу Қабышқызы, тұрмысқа сандық ақпараттық құрылғылар дендеп енгелі бері қоғамда дәстүрлі баспасөздің болашағы жөнінде пікірталастар үдеп кетті. Ең алдымен, газеттің адам мен қоғам өміріндегі рөлі жөнінде пікіріңізді білдірсеңіз.
- Дәстүрлі баспасөз құралдарының келешегіне көз тастағанда көңілге күмән ұялатар ой-пікірлер төбе көрсете берері анық. Әлемдік саяси кеңістікте сандық пішіндегі ақпарат қауқары зор, ағарту әрі қоғамдық пікір қалыптастыру құралы ғана емес, бүгінде бәзбір елдер арасындағы қырғи-қабақ қақтығыстың құйтырқы қаруы ретінде қолданылуына куәміз. Жалған ақпар арқауы – дәйексіз деректер лезде тұтанатын дүрмекке негіз болып қана қоймай, қоғам санасына селкеу түсірер, халық бірлігіне сына қағар астарлы идеология «аспабына» айналуы мүмкін екендігін уақыт дәлелдеді. Бұдан түйер басты ойтүйініміз – ақпарат әр кез нақты дәйекке әрі негізді дәлелге сүйеніп жазылуы, ал журналист кәсіби білім мен білікке иек артып, бейтарап бағдарды ұстануы тиістігі. Мәнсіз, мазмұнсыз «қоқыс» ақпар көкірегі ояу оқырманға рухани азық бола алмасы анық. Мінеки, дәстүрлі басылым мен самсаған электронды сайттардың ара жігін ажыратар басты себеп.
Ұлт, халық бар кезде газет өз өмірін жалғай бермек. Себебі ой-санасы кемел, сауаты толық, өз өмірі мен сынаптай сырғыған жүрдек уақыт қадірін ұғынған жан білімін үстер, тілін ұстартар, ішкі мәдени қазынасын молайтар, білігін жетілдірер, дүние таным көк жиегін кеңейтер, қоғам тынысынан хабардар етер газеттен қол үзбейді. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде белсенді жандардың жеке пікірін ресми ақпарат көзіне балап, мәселе байыбына үңілмей, байбалам салу үрдісі белең алуда. Бұның бәрі – ақпарат мазмұнын бұрмалау мен оның салдарына үстіртін қараудан басталатын дүниелер. Жалпы газет не кітап оқу үрдісін жас буын өкілдері арасында қайта қалыптастыру қажет. Біздің кезімізде газет-журналға деген құрмет өте ерекше еді. Ата-анамыз кешқұрым, түз бен үй тірлігін тындырып болып, үстел басына жайғасып, газет оқып, өзара шүйіркелесіп отыратын. Сол бейне әлі күнге дейін көз алдымызда. Сондықтан газет не кітап оқу мәдениеті әр бала бойына отбасындағы тәрбиемен сіңіріледі. Бұған керемет мысал келтіре кетсем, Жаңаөзенде тұратын жасы жүзге таяған ақсақал – біздің газеттің ең кәрі оқырманы. Ақсақалдың өз немерелеріне үйреткен тағылымы көпке үлгі боларлықтай. «Бұрын немереме газетті дауыстап оқып беруін өтінуші едім, қазір немерем соны әдетке айналдырыпты. Енді өз еркімен газет оқып, қоғамдағы кей жайттарды менімен бірге талқылайтын дәрежеге жетті» деген еді. Баланы білім-ілімге баулу, міне, осындай әрекеттен бастау алса керек.
– Медиа серіктестіктің басшысы ретінде ойдағы жоспарыңыз жүзеге асты ма? Қандай жетістіктер бар?
– «Маңғыстау-Медиа» ЖШС тізгінін ұстағалы бері екі жылдай мерзім өте шықты. Нәтижелі істерді атқардық, алда жоспарға енгізген жұмыстар да жетерлік. Облыстық газеттеріміз бен компьютерлік ақпараттық сайтымыз бар. Жалпы медиа ұжымының биылғы басты жеңісі – жаңа ғимаратқа көшуі. Журналист үшін қолайлы, таза, жайлы кабинет жасақтау – менің ең басты міндетім еді. Өзіңізге мәлім, мен осы қызметке келмес бұрын «Қаражанбасмұнай» мекемесінде қызмет еттім. Сол кезде аңғарғаным, мұнай саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жүйесі керемет жолға қойылған. Мұнайшылар түбек қойнауынан «қара алтынды» барлаумен айналысса, журналистер облыс халқын өңір тыныс-тірлігінен хабардар етеді. Өзекті мәселелердің оң шешімін табуына ықпалдасады. Олардың еңбегі де орасан зор. Жаңа ғимарат қала орталығында орналасқан. Барлық инженерлік инфрақұрылым желілерімен жабдықталған. Ескі ғимарат жай-күйі мүлдем сын көтермейтін-ді. Жылу жүйесі, су құ бырлары әбден тозған, қайта қалпына келтіру күрделі жөндеу жұмыстарын талап ететін. Ал газет өндірісі іркіліссіз іске асырылатындығы мәлім. Бұл ғимарат он жылға жуық бос тұрған еді. Бүгінде ақпарат майданының алдыңғы шебінде жүрген жауынгер-журналистер ордасына айналып отыр. Бұрын қарымды журналист қаруы қалам мен парақ еді, жаңа дәуір талабы оны сандық ақпарат құралдарына алмастырды. Жаңа мекеме журналист жұмысына қажетті соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған.
Былтыр пандемия кезінде қатаң карантин шектеулеріне байланысты салтанатты ашылу рәсімі кейінге шегерілді. Биыл төл мерекемізбен тұспа-тұс ғимарат тұсауы кесіліп, қазақы дәстүрмен «қоныс той» аталып өтті. Қызыл лента қию құрметіне Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Г.Қалмұратованың келгені баспасөзді шынайы қолдауы деп түсінеміз. Қадірлі қонақтар легінде, әрине, қазақ баспасөзінің ілгері дамуына үлес қосқан белді өкілдері, қалтқысыз қызмет еткен сала ардагерлері бар. Ілкі буынға ізет көрсету, өскелең өрендерге өнегесін өсиеттеу – ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауы. Сол себепті аға толқынды арқа тұтып, ақыл-кеңесіне құлақ түру – жетістікке жету жолындағы менің басты ұстанымым.
Былтыр аудандық газеттер журналистерінің жалақысы 20 пайызға дейін өсті. Ал биыл облыстық газет қызметкерлерінің еңбекақысы 15-30 пайыз аралығында үстемеленді. Мерекеге орай тағайындалған төлемақы аяғы жерге тимей ақпарат жинаған журналист еңбегін бағалау әрі ынталандыру есебінде беріледі. Аптап ыстық, жауын мен дауылда мағызды мақала, тұшымды жолсапар жазуды мақсат тұтқан мығым журналист мадақ та, марапат та күтпейді. Дегенмен кәсіби журналистердің қоғамдық мәртебесін бекітуге аса назар аударған жөн. Жеке ойым, біздің журналистер барлық игіліктерге лайық. Алда қаржылық әлеуетімізді бағамдай, жалақыны жоғарылатуға, төлемақыларды еселеуге жұмыстанамыз. Сондай-ақ мекеме қызметкерлеріне автобус тасымалын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
– Кез келген көркем туынды оқырманды мұқабамен емес, мазмұнмен баурайды. Сіз директор ретінде газеттің ішкі құрылымына, контентіне қалай ықпал етесіз?
– Кей жандар «газет қызықсыз» дегенді алға тартады. Біздің газеттер тек қоғамдық-саяси ақпарды қамтумен шектелмейді. Әрине, газет – мемлекет саясатын насихаттаудың қуатты құралы. Сондай-ақ мәдени-ағарту міндетін атқарады. Ұлттық рух жаршысы. Біздің газетте түбек тарихы, танымал тұлғалар хақында толғаулар, түрлі танымдық, тәрбиелік, ғылыми тақырыптардағы мақалалар, өлең-жыр маржандары, балалар шығармашылығы жария етіледі. Отанға, туған елге деген сүйіспеншілікті бала бойына дарытам десек, газет оқу мәдениетін қайта қалыптастыру қажет.
Медиа серіктестік меншігіндегі басылымдар – қазақ журналистикасының ортақ қазынасына қомақты олжа салған сан буын өкілдері түлеп ұшқан қара шаңырақ. Үлкен өндіріс ошағы. Бүгінде жігерлі, жасампаз жас буын жетіліп келеді. Ұжымдағы жас түлектер қаламын ұштау, тәжірибесін жетілдіру, қанатын қомдауда тісқаққан кәсіби кадрлардың үлесі орасан. Менің қызметімдегі кеңесшілерім– газеттердің бас редакторлары. Газет ісінің қыр-сырына қанық, білімі жетік жандармен бірлесе оқырмандар ой-санасын серпілтер дүниенің жарық көруіне жұмыстанамыз. Қазіргі таңда басылымдар аптасына екі мәрте беттеледі. Баспасөз өндірісі дизайнерлер, жауапты хатшылар, корректорлар мен журналистердің ерен еңбегімен бағаланады.
Мен медиа серіктестіктің бас менеджері ғана емес, газеттің сапалы контентін қалып тастыруды көздеген кәсіби журналиспін. Өзге өңірлер тәжірибесін терең зерделей түсе, әлі де болса медиа серіктестік жұмысын жетілдіру қажеттігін түсінемін. «Атырау-ақпарат» медиахолдингін газет өндірісін біріздендіріп, жүйелі жолға қойған мекеме ретінде әр кез тілге тиек етемін. Себебі бұл серіктестік меншігінде бір емес, екі баспахана бар. Менің тарапымнан жеке баспахана ашу ұсынысы тиісті тұлғаларға жолданды.
Қазіргі таңда «Неон сити» баспаханасы біздің газеттердің іркіліссіз жарық көруіне жағдай жасап отыр. Дегенмен олардың да құрылғылары тозған. Жуырда осы мәселе төңірегінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Нұрдәулетовпен әңгімелестім. Ол мәселе мәнін ұғынып, шешім табуына септесетіндігін білдірді. Сол үшін шексіз алғысымды білдіремін.
Ал енді газет тасымалын ұйымдастыруға ойыссақ. Қазіргі таңда біздің газеттер пошташылармен тасымалданады. Бұл – шалғай ауыл, елді мекендерде өмір сүретін газет оқырмандары үшін өте қолайлы. Ал редакциядан тасымалдау үшін арнайы көлік қажет. Қаржы тұрғысынан редакциядан тікелей тасымалдау поштамен тасығаннан арзан. Біздің жоспарда арнайы газет тасымалын ұйымдастыру да бар.
– Газет таралымы – оның табысын бағамдайтын басты көрсеткіш. Тиражды ұлғайту жөнінде жоспарыңыз қандай?
– Әрине, газет таралымын ұлғайту, оқырман аудиториясының аясын кеңейту – біз көздеген басты мақсаттың бірегейі. Сұранысқа ие, сапасы сенімге селкеу түсірмес өнімді тұтынушылар таңдайды емес пе?! Сол секілді біздің басылым контентінде бай мазмұн, терең ізденіс, биік өре, ұшқыр қиял үйлесім табады. Сондықтан су жаңа нөмірді іздеп, күтіп, сұрау салып оқитындар жетерлік. Газеттеріміздің тарихы тереңге бойлайды. Мәселен, биыл «Жаңа өмірге» 80 жыл, ал келер жылы «Маңғыстау» газетінің 50 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Тамыры терең тарихы бар түбектегі ұлт басылымдары халық ағарту ісін ілгері жетектеген зиялылар шоғырының бас қосар ордасы болған. Өз тұсында да олар текетірестерге тойтарыс беріп, халық жүрегінде намыс шоғын үрлер үнпарақтармен оқырман үдесінен шыға білді. Біз сол тұлғалар салған сара жолды жалғап келе жатқан жандар екенімізді мәртебе тұтамыз.
Қазіргі таңда баспасөздің мемлекеттен бөлінетін қаржымен күнелтіп отырғандығы жиі айтылады. Ақпарат саласындағы мемлекеттік тапсырыс – табыс көзінің бір бөлігі ғана. Бұдан бөлек оқырмандарымыздың қолдауы да зор. Экономикалық көрсеткіштерге келер болсақ, былтыр біздің серіктестік мемлекет бюджетіне біршама табыс түсірді. Бұны атап өту орынды. Себебі соңғы уақытта мерзімді басылымдардың біздің өміріміздегі маңызын ұғынатын жандар қатары артып келеді. Газетке мәжбүрлеп жаздыру жоқ. Себебі әр оқырман өз таңдауын жасайды. Десек те туған жер тарихы мен түбектен түлеген тұлғалар тағылымынан сусындағысы келгендер біздің газетті оқысын демекпін.
Мен ұстаздар отбасында тәрбиелендім. Бала кезімізде газет оқымайтын мұғалімді елестете алмайтынмын. Себебі білімін тереңдетіп, тәжірибесін жетілдіріп отыратын, төрткүл әлемнің әрі туған өлкенің тыныс-тірлігінен хабардар ұстаз ғана бала бойында білімге деген қызығушылықты оята алады. Ал қазіргі кезде өкінішке орай ұстаздар газетке жазылудан қашқақтайды. Ұдайы газет оқып, шәкірттерінің жетістіктерімен оқырманмен бөлісіп, жас өскіндерді кітап, газет оқуға баулитын тәлімгерлер де бар. Біздің газеттің жанашырлары да жетіп артылады. Мәселен, «Берекет-Ф» ЖШС директоры Зарета Фаталиева, «Престиж» жиһаз салондары желісінің негізін қалаушы Ирина Беляева, Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты Абат Өрісбаев секілді жомарт жандар мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ардагерлерді газетпен қамтып отыр. Сондай-ақ медиасеріктестіктің ілкімді ілгерлеуіне тілектес, мемлекеттің ақпараттық саясаты саласында тәжірибесі зор Звира Есбергенова, Жансая Исмағұлова секілді жанашыр жандар кәсіби ақыл-кеңесімен бөлісуге әркез дайын. Бұл орайда жергілікті әкімдіктердің көмегін де атап өткен жөн. Былтыр Шетпедегі «Жаңа өмір» газеті редакциясының ғимаратына жүргізілген жөндеу жұмыстарына қолдау білдірген Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Көшмағамбетовке, сондай-ақ «Жаңаөзен» газеті тиражын көтеруге атсалысқан Жаңаөзен қаласының әкімі М.Ибағаровқа да алғысымды жаудырамын.
Жалпы баспасөз билік пен бұқара, қоғам арасындағы алтын көпір, дәнекер деп есептеймін. Ел мүддесін арқалайтын, әдеби тілмен жазылатын баспасөз құралдары біздің болашақ архивіміз, мемлекетіміздің, киелі өлкеміздің, халқымыздың тарихы деуге болады.
– «Маңғыстау-Медиа» сайтының болашағы жөнінде не айтасыз?
- Әлемдік медиа кеңістікте аса танымал газет-журналдар тәжірибесіне зер салсақ, газеттермен қатар олардың сандық нұсқасын, яғни сайттарды жаңғырту ісі өркендеп келеді. Біз де бұл үрдістен кешеуілдеп қалмаудың қамын жасаудамыз. Енді біздің сайттың мобильді қосымшасы Android пен IOS бағдарламалау жүйелерінде қолжетімді. Бұл жетістік үшін, әрине, Өмірбек командасына алғысымды айтамын. Мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт компаниямен алты ай бойы келіссөз жүргізіп, оқырман игілігіне асатын, жарқын болашаққа бастайтын жаңа қадам жасадық. Сайттың газет танымалдылығын арттыру да үлесі зор. Қазіргі таңда «Маңғыстау-Медиа» сайтының рейтингі көптеген республикалық танымал сайттардан жоғары екендігі рас. Бұл да – кәсіби мамандардың елеулі еңбегінің жемісі.
Бүгінгі мерейлі күні «Маңғыстау-Медианың» үлкен ұжымын және аймақтың бұқаралық құралдары саласында жан аямай тер төгіп жүрген барша әріптестерімізді төл мерекемізбен құттықтай отырып, кәсіби, шығармашылық және өмірде зор табыс, бақуатты тұрмыс тілеймін.
– Мазмұнды сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Голрох ЖЕМЕНЕЙ