Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы білім басқармасы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Клара Құлатаева мәлім етті.
Оның айтуынша, биыл жергілікті бюджеттен облыс әкімінің 175 гранты тағайындалған. Сәуір айында құрылған конкурстық комиссия салалық басқармалардан түскен сұраныстарға талдау жүргізе отырып, мамандықтар тізбесін жасақтады. Оған өңірге қажетті педагогика, медицина, ауылшаруашылығы мен өнер саласы бойынша мамандықтар енгізілді.
«13-20 шілде аралығында республикалық грант конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау басталады. Грант конкурсының нәтижесі 10-15 тамыз аралығында белгілі болады. Ал, облыс әкімінің білім беру грантына конкурс тамыз айында өтеді. Құжат қабылдау 5 тамызда басталып, 10 тамыздааяқталады. Педагогикалық мамандықтар бойынша білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ-ның шекті балы 75-ке дейін ұлғайтылды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» саласы бойынша кемінде 65 балл талап етіледі. «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру салалары бойынша кемінде 60 балл. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл, ал басқа жоғары оқу ұйымдарына кемінде 50 балл қажет. Әр пән бойынша балл саны 5-тен кем болмау керегі ескеріледі», - деді Клара Құлатаева.