Мұнайлы ауданында конкурссыз қызметке орналасу тәртібімен 2 түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға конкурссыз тағайындалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соның бірі – Аяужан Сабырғалиқызы. Ол Абай атындағы қазақ ұлттық педогогикалық университетінің түлегі, қазір Мұнайлы ауданы «Атамекен ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің бас маманы қызметін атқарып жүр.
Ал Ерасыл Сейілханов Қ.И.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің түлегі Мұнайлы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы лауазымына тағайындалған.
Бұл бастама білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыру, өңірлердегі кадр тапшылығын шешу және мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жоюға бағытталған.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және одан «шығу» тәртібін жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен мемлекеттік қызметке кіруге қатысты жаңа тетіктер енгізілді. Яғни мемлекеттік грантпен оқу орындарын үздік аяқтаған түлектердің (GPA 3,33-ден жоғары) аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалады.