Маңғыстауда қараусыз мал кесірінен жол апаты тыйылмай тұр. Осының салдарынан жыл басынан бері облыста бірнеше жол көлік оқиғасы тіркеліп, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тағы бір жолаушы дене жарақатын алды. Қатердің алдын алу мақсатында облыс аумағында жолдарды бақылау күшейтілді. Жолшылар полициямен бірлесе шаруа қожалықтарын аралап, жарық шағылыстырғыш лента таратып жатыр.
«Республикалық маңызы бар тас жолдарда жол көлік оқиғаларын болдырмау, алдын алу мақсатында шаруа қожалық иелерімен түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Егер де, жол бойына мал жануарларын қараусыз қалдырылғаны анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 408-ші бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертіледі» - дейді "Қажсервис" мекемесі Маңғыстау облыстық филиалының бөлім басшысы Ерлан Биялиев.
Жол саласы мамандарының айтуынша, малдың мойнына тағылатын арнайы жабдық көлік жүргізушінің алдағы кедергіні алыстан байқауына мүмкіндік береді. Өткен төрт айда түйе мен жылқысын бақылаусыз қалдырғаны үшін 15 адам әкімшілік жауапқа тартылған.
Айта кетсек, былтыр аймақта жолда мал қағу бойынша 11 дерек тіркеліп, осынша адам көз жұмды.