Ақтауда 4 «А» шағынауданында орналасқан «Каспиан Ривера» қонақ үйінің артындағы биіктігі шамамен 3-4 метрлік теңіз жағалауындағы жартастардан 12 жастағы бала құлап кетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Құтқарушылар 2012 жылы туған баланы құтқарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған. Облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері дер кезінде оқиға орнына барып, баланы тексеріп облыстық балалар ауруханасына жеткізген.
Дәрігерлер баланың миын компьютерлік томографияға түсірген. Диагноз бойынша баланың бас миының жабық жарақаты мен шайқалуы анықталған. Қазір жасөспірімнің жағдайы тұрақты.
- Қазір науқас балалар ауруханасының травматология бөлімінде. Динамикада ем тағайындалып, емделіп жатыр. Дәрігерлер баланың жағдайы тұрақты бақылауда екенін жеткізді, - дейді облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметкерлері.