Ақтау әкімдігінде қала әкімі Ұлықбек Тінәлиевтің төрағалығымен көгалдандыру мәселесі бойынша жиын өтті. Отырыста «Otan Bio» ЖШС өкілдері ағаштардың тамыр жүйесін қамтамасыз ететін биоблоктарды отырғызу бойынша пилоттық жобаны ұсынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға «Otan Bio» ЖШС өкілдері, қалалық мәслихат депутаты Рабиға Түгелбаева, Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағының бас директоры Ақжүніс Иманбаева, Yessenov university өкілі Нұрболат Батыков, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мен көгалдандыруға жауапты мердігер мекеме өкілі қатысты. «Otan Bio» ЖШС өкілдері пилоттық жобаны ұсынды. Олар ағаштардың тамыр жүйесін қамтамасыз ететін биоблоктарды Ақтау қаласында отырғызуды жоспарлап отыр.
- «Agrikaral Bereket» құнарлы блоктары шөлейтті, тұзды жерлерде, қалпына келтірілетін және жел эрозиясына ұшырайтын ауылшаруашылық алқаптарында топырақ түзуші және рекультиватор (құнарландыру) ретінде кеңінен қолданыла алады. Бұл қуатты микоризаның пайда болуын қамтамасыз ететін суды үнемдейтін биожүйелер. Біз ағаштардың әр түрінен 50-ге жуық отырғызуды жоспарлап отырмыз. Ағаштарды өсіріп, тәжірибе жасау үшін бізге жер керек. Пилоттық жоба арқылы белгілі бір уақыт аралығында біздің ағаштардың тамыр жүйесін қамтамасыз ететін биоблоктар кез келген топырақта өсе алатынын көрсеткіміз келеді, - деді «Otan Bio» ЖШС құрылтайшысы Жамал Курбанов.
Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағының бас директоры Ақжүніс Иманбаева ағаштарды суару мәселесін қозғады.
- Биоблоктар суды үнемдеп пайдаланғанмен, бәрібір өсімдікке су қажет. Органикалық тыңайтқыш табиғи түрде топырақты сіңіретін кешен жасап, суды үнемді пайдаланатыны сөзсіз. Бірақ қаншалықты үнемді пайдаланытынын тәжірибе көрсетеді, - деді Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағының бас директоры Ақжүніс Иманбаева.
Қала әкімі отырығызылатын биоблоктарда зиянкестердің болмауын қадағалау керегін айтты.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаламызды көгалдандыру мәселесі өзекті. Қазіргі таңда қаладағы жасыл желектерге паспортизация жасалды. Арнайы дендрожоспар жасақталды. Ұсыныстарыңызды тәжірибе ретінде жүзеге асыруға болады. Бірақ сіздер отырғызатын биоблоктарда ешқандай зиянкестер болмау қажет. Себебі ол басқа бізде өсіп тұрған ағаштарға әсер етеді. Соны қатаң қадағалау керек. Жобаларыңызды алдағы уақытта жауапты бөлім қарастырады, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев.