Бүгін Маңғыстау облысындағы мектептерде соңғы қоңырау соғылды. Биыл 7 011 түлек мектеп бітірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыстық білім басқармасының басшысы Светлана Тулебаеваның айтуынша, соңғы үш жылмен салыстырғанда «Алтын белгі» иегерлері шамамен 30%-ға, үздік аттестатпен бітіргендер 40%-ға артты. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада Маңғыстау облысының дарынды оқушылары 29 медальға ие болған.
Биыл 7 011 түлектің барлығы дерлік Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып жатыр.
Осы ретте облыстық білім басқармасының басшысы С. Тулебаева түлектерді мектеп бітіруімен құттықтап, білім сынағына сәттілік тіледі.
«Қымбатты мектеп бітіруші түлектер, сіздерге сынақтан сүрінбей өтіп, мемлекеттік грант алып, қалаған мамандықтарының иесі болуларыңызға тілектеспін! Болашақта еліміздің дамуына, өңіріміздің өркендеуіне ат салысып, зор үлес қосады деп сенемін! Білім ошағының қабырғасынан алған білімдеріңізбен, тәлім - тәжірибелеріңізбен қаламызға, қасиетті Маңғыстау өңіріне, бүкіл Қазақстанның жарқын болашағына өз үлестеріңізді қосады деген сенімдемін! Келешегіңіз кемел, болашағыңыз баянды болсын!» - деді басқарма басшысы.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА