Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Бейнеу ауданында 30-ға жуық балалар ойын алаңы салынады. Құрылыс жұмыстары кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындардың демеушілігімен көппәтерлі және жеке тұрғын үйлердің маңында жүргізіледі. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов мәлім етті.
«Ойын алаңдарының құрылыс жұмыстары маусым ауында басталмақ. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Боранқұл ауылында дене шынықтыру және спорт кешені салынады. Оның жобалық-сметалық құжаттары аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Жоба құны 368,2 млн. теңге», - деді Бейнеубек Әбілов.
Спикердің айтуынша, ауданда бұқаралық спорт кеңінен насихатталады. Соңғы үш жылда Әли Балта атындағы орталық стадион күрделі жөндеуден өтіп, дене шынықтыру және спорт кешені, 6 ашық футбол алаңы пайдалануға берілді. Жеке кәсіпкердің демеушілігімен «Каспий» жүзу бассейні ашылды.