Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Маңғыстау халқының саны екі есе өсті. Бұл туралы Қазақстан Републикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Маңғыстау облысында 724 777 адам тұрады. Оның ішінде қалада 290 560 (40,1%) адам, ауылда 434 217 (59,9%) адам. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы Римма Өтешеваның айтуынша, 2020 жылдың 1 сәуірімен салыстырғанда халық саны 20 302 адамға, яғни 2,9%-ға өсті.
«Жыл басымен салыстырғанда халық саны облыстың барлық аудандарында өскені байқалады. Ақтау қаласы тұрғындарының саны 2605 адамға артты. Сондай-ақ Өмірзақ селосында 59, Түпқараған ауданында 325, Мұнайлы ауданында 976, Жаңаөзен қаласында 758, Бейнеу ауданында 279, Маңғыстау ауданында 153, Қарақия ауданында - 51 адамға өсті», - деді Римма Утюшева.
Биыл қаңтар мен наурыз аралығында дүниеге келгендер саны 5 350 адамды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 856 адамға көп. Туудың жалпы коэффициенті 1 000 адамға 29,72 туылғандарды құрады.
Суретті түсірген Талант Құсайын