«Каспий» ӘКК соңғы 3 жыл ішінде 7 млрд теңгеден астам сомаға шығынға түскеніне қарамастан, басшы қызметкерлерге 6 млн теңгеден астам мөлшерде заңсыз сыйақы төлеген. Бұл кемшілік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің «Каспий» ӘКК қызметіне жүргізген сыртқы талдау жұмысы барысында анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz МО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне сілтеме жасап.
Талдау жұмысы барысында бұдан басқа да бірнеше заң бұзушылық әрекеттері белгілі болған.
«Каспий» ӘКК сүт, ет, тері, жүнді одан әрі өндіруге және сатуға бағытталған «Аруана» инвестициялық жобасының іске асырылуына, яғни қарыз шартының орындалуы мен «Қарағантүбек» ЖШС-нің бюджет қаражатын мақсатты пайдалануына тиісті бақылау жүргізбеген. Талдау барысында «Қарағантүбек» ЖШС-нің 300 бас аналық түйе сатып алуға берілген қарызды пайдаланып, іс жүзінде 250 бас сатып алғаны анықталды. Ветеринариялық паспортқа сәйкес, аналық түйенің орнына 43 аталық түйе алынған, 4 айдан 26 жасқа дейінгі жас аралығындағы түйелер 700 мың теңгеге бірыңғай бағамен сатып алынған», деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали.
Талдау барысында жер учаскелерін сенімгерлік басқаруға беру кезінде де сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған.
«2018 жылы Қоғам балансына Ақтау қаласы, Мұнайлы және Түпқараған аудандарының аумағында газ құю станциясының құрылысы және пайдалану үшін 7 жер учаскесі қабылданған. Аталған жер учаскелері Қоғам объектілерін беру бойынша өткізілген тендердің нәтижелері бойынша кейіннен сатып алу құқығымен бір жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген. Сенімгерлік басқарушылар шарт талаптарын бұза отырып, Қоғамға сенімгерлік мүліктің қызметі туралы тоқсан сайынғы есептерін тапсырмаған. Сондай-ақ, газ құю станцияларын салу бойынша қабылданған міндеттемелерді іс жүзінде орындамай, жер учаскелерін үшінші тұлғаларға сату фактілері анықталды», деді брифинг барысында құзырлы орган өкілдері.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті талдау барысында анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті ұсынымдарды енгізді.