Маңғыстау облыстық дін басқармасының басшылық құрамы мен қызметкерлері екпе алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық дін істері басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық дін басқармасы басшысы Мақсатбек Маханбетов бастаған бір топ қызметкерлер ерікті түрде келіп, екпе салдырды. Олардың қатарында облыстық дін істері басқармасы дін мәселелері бойынша ақпараттық талдау орталығының қызметкерлері мен теологтар да бар.
Вакцина алуға келгендер алдымен дәрігердің тыңғылықты тексеруінен өтті. Екпе алғаннан кейін жарты сағатқа дейін бақылауда болды.
«Басқа бұқара халыққа айтатыным ораза кезінде вакцина алуға рұқсат етілген. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы вакцинаның оразаны бұзбайтынын бұған дейін де түсіндірді. Шариғат бойынша кез келген нәрсе табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірсе, оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды. Сондықтан осындай індет өршіген тұста ел-жұрттың амандығы үшін екпе алу азаматтықтың белгісі деп ойлаймын»,- дейді облыстық дін істері басқармасы дін мәселелері бойынша ақпараттық талдау орталығы басшысының орынбасары Жасқайрат Қалмұрзаев.