Маңғыстау облысында «Аshyq» мобильді қосымшасын енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аққу Айтжанова мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, бұл жоба коронавирустық инфекцияның кәсіпкерлік субъектілерінде таралу қаупін төмендетеді.
«Жобаның артықшылығы — қауіпсіздік. Қазіргі уақытта бизнес карантиндік шектеулермен жұмыс істейді. «Ashyq» мобильді қосымшасы QR кодын пайдалану және жалпы ПТР мәліметтер базасымен интеграциялау арқылы келушінің мәртебесін анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, жобаға қатысушылар қабылданған санитарлық шараларға қосымша бақылауды жүргізе алады», - дейді Аққу Айтжанова.
QR коды кәсіпкерлік субъектісіне беріледі. Жобаға қатысатын кәсіпкерлер өздерінің QR-кодтарын InfoKazakhstan.kz платформасы арқылы ала алады. QR-код жалпы 4 мәртебені көрсетеді: жасыл, көк, сары және қызыл.
«Келуші телефонына «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеп, телефон нөмірімен тіркеп, ЖСН енгізіп, мекеменің QR-кодын сканерлеу қажет. Сондай-ақ шығу кезінде де QR кодын сканерлеу керек. Мобильді қосымшадан QR кодты сканерлегеннен кейін келушінің мәртебесі түсті форматта жанады, ол адамның індетті жұқтырғандығын немесе жұқтырмағандығын көрсетеді», - дейді Маңғыстау облысы сауда және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Мұқанбетжан Көбеген.
Өңірде карантин шаралары жеңілдетілгеннен бастап кәсіпкерлік субъектілердің 75% немесе 650 кәсіпкерлік субъектісі карантин талаптарын сақтап өз жұмысын бастады. Маңғыстау облысында қызмет көрсету саласында 185-ке жуық кәсіпкерлік субъекті бар.
Бұл жобаның бір ерекшелілігі, егер өңір «қызыл» аймақта орналасса да «Ashyq» жобасына қатысушы кәсіпкерлік субъектілері жұмысын жалғастыра береді.