Биыл қала аумағындағы жасыл желектерді суару жұмыстарына 890 млн теңге қаралып отыр. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман баспасөз алаңында айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Көгалдандыру жұмыстарын «Ақтау тұрғын-үй» МКК мен «Ақбота» МКК айналысады. Ал қалған 30 пайыз жұмысты, яғни күтіп ұстау және қураған ағаштарды кесу жұмыстары бойынша қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу арқылы конкурс өтіп жатыр.
«Жаңадан отырғызуға және оны қарауға қалған 122 млн теңге қарастырылған. Конкурсқа барлық бизнес өкілдері қатыса алады. Мердігер мекеме анықталғаннан кейін жыл соңына дейін келісім-шарт жасақталады. Қалада көгалдандыру жұмысын жүргізетін «Ақтау тұрғын-үй» МКК мен «Ақбота» МКК-ге 600 млн теңге бөлінді. Екі мекеменің негізгі жұмысы – жасыл-желекті сумен қамтамасыз ету, судың көлемін төлеу, су тасығыш көліктердің қаржысы қарастырылған және су беретін бекеттерді жөндеуден өткізу», - дейді С. Гусман.
«Ақтау тұрғын-үй» МКК-де 20 адам жұмыс істесе, ал «Ақбота» МКК 150 адам бар.