Облыс әкімі Серікбай Трұмовтың төрағалығымен өткен жиында еңбек дауы, кәсіпкерлікті дамыту және өңірдің индустриалды-инновациялық дамуы туралы мәселелер талқыланды. Онда Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Әлігер Іңкаров биыл бірінші тоқсандағы нәтижелерді және 2021 жылдың жоспар-жұмысы жөнінде баяндады.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы өз баяндамасында Еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау ішінара және жоспардан тыс тексерулер жүргізу арқылы жүзеге асырылатынын атап өтті.
«Аталған уақыт аралығында ішінара тексерулер бекітіліген жоспарға сәйкес жүргізілді», - деді Ә.Іңкаров.
– Жоспарға өндірісте жазатайым орын алған оқиғалар және еңбек заңнамасы нормаларының өрескел бұзылғаны анықталған кәсіпорындар ғана енгізілді. Жоспардан тыс тексерулер еңбек заңнамасы мәселелері бойынша қызметкерлердің өтініштері арқылы жүргізіледі. 2021 жылдың 1-тоқсанында мемлекеттік еңбек инспекторлары 190 тексеру жүргізді. Оның ішінде 184 жоспардан тыс тексеру жеке және заңды тұлғалардың 224 өтініші негізінде және профилактикалық бақылау мен қадағалаудың 6 шарасы жүргізілді. Нақтырақ айтқанда, 2020 жылдың 1-тоқсанында 47 тексеру жүргізілді, оның ішінде 266 жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде, 45 жоспардан тыс тексеру және 2 профилактикалық бақылау және қадағалау іс-шаралары жүргізілді. Жүргізілген тексерулер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100 пайыздан артқаны байқалады. 2021 жылдың 1-тоқсанында жүргізілген тексерулер нәтижесінде 287 бұзушылық анықталды. Бұзушылықтың басым көпшілігі еңбек қатынастары бойынша – 228, қауіпсіздік техникасы бойынша бұзушылықтар – 54 және халықты жұмыспен қамту – 5. Анықталған бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта жол бермеу үшін мемлекеттік еңбек инспекторлары 2021 жылғы 1-тоқсанда 178 нұсқама беріп, 685,4 мың теңгеге 7 әкімшілік айыппұл салынды, 2 ескерту жасалды. 2020 жылдың сәйкес кезеңінде 111 бұзушылық анықталды. Онда 31 нұсқама берілді және 2,6 млн теңге сомасына 21 айыппұл салынды. 2021 жылдың 1-тоқсанында 13 жазатайым оқиға болды, оның біреуі – топтық, яғни «Каз Транс Ойл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасында 3 қызметкер жарақат алды. Өткен жылдың осы кезеңінде 13 жазатайым оқиға болған. Онда 2 қызметкер жарақат алды.
2021 жылдың басынан бастап мемлекеттік еңбек инспекторлары 80,4 млн теңге сомасына жалақы берешегін анықтады және 80,4 млн теңге сомасына жалақы бойынша берешек толықтай өтелді. Соның нәтижесінде 208 қызметкердің құқығы қорғалды. Берешек фактілері бойынша ағымдағы жылдың басынан 1 нұсқама енгізілді. 1 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банкрот деп танылған 9 кәсіпорында бұрынғы 128 қызметкер алдында берешек 84,8 млн теңгені құрайды.
Ахуалдық орталық базасында 2021 жылдың басынан бастап Маңғыстау облысында жұмыскерлердің қысқару, жалақы бойынша төлемдер тәуекелдерін барынша азайту, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету және жұмысқа орналастыру үшін «еңбек тәуекелдерінің картасы» әзірленді. Онда жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзу фактілері белгіленеді. Қазіргі уақытта картаға облыстың 15 кәсіпорны кіреді. Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы еңбек жанжалдарын болдырмау, жалақы бойынша жалпы берешекті азайту, сондай-ақ өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бойынша мониторинг жүргізеді және шаралар қабылдайды. 2021 жылдың басынан бастап еңбек тәуекелдері картасына енген 7 кәсіпорында еңбек даулары шешілді. Сонымен қатар әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мақсатында басқарма облыс мекемелері арасында «еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне» электрондық еңбек шарттарын енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 2 788 мекеме қосылды, 112 351 электрондық еңбек шарты енгізілді. Осылайша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 05.04.2021 жылға арналған жоспарлары 100% орындалды. Бұдан басқа, басқарма жасалған ұжымдық шарттарға мониторинг жүргізуде. Бүгінгі күні облыс кәсіпорындарында 1 510 ұжымдық шарт жасалды. Оның ішінде ірі – 100, орта – 207 және кіші – 1 203.
Биыл Маңғыстау облысы әкімдігінің базасында өңірлік жұмыс тобы комиссиясының 5 отырысы өткізілді. Онда мынадай мәселелер қаралды: мұнай өндіруші және мердігерлік ұйымдардағы облыстың әлеуметтік-еңбек жағдайы туралы; әлеуметтік шиеленістің туындау тәуекелін бағалау және т.б. отырыстары. Сондай-ақ өңірлік үшжақты комиссияның 1 отырысы өткізіліп, онда «М-Техсервис» ЖШС және «ИБК Си Бу» ЖШС еңбек шартының мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыскерлерді босату мәселелері қаралды.
Бұдан басқа сәуір айының 8 жұлдызында өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын төмендету әлеуметтік шиеленістің алдын алу және әлеуметтік-еңбек жанжалдарын шешу мәселелері бойынша өңірлік үшжақты комиссия өткізілді.
Мейіржан ТУМАНОВ