Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия тобы құпия құжаттармен жұмыс істеу үшін рұқсат сұрап отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның IІ отырысында айтылды. Алдымен облыстың мемлекеттік архиві мекемесінің басшысы Минара Сәдімекова ақпан айында өткен отырыста айтылған ұсыныстардың орындалу барысына тоқталды. Оның айтуынша, тапсырмаға сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарының және одан жапа шеккендердің 14 санаты белгіленді. Фейсбук әлеуметтік желісінен «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» атты парақша ашылған. Желі парақшасына 5 өтініш келіп түскен.
«2007 жылы жарыққа шыққан «Маңғыстау азалы жылдары» кітабына есімі енген саяси қуғын-сүргін құрбандарының тізімі қайта басылып шықты. Қазір өңірдегі комиссиялық топтың құпия құжаттарды зерттеп, жұмыс істеуі үшін Ұлттық комитеттен рұқсат алу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - дейді Минара Құлбайқызы.
Тәуелсіздік алғаннан бері қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі 3 рет қаралған. Өңірде де бірнеше рет осы мәселеге қатысты шешім шығарылған. Соның нәтижесінде саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталып шыққан. Бірақ бәрі емес.
«Бұған дейін саяси қуғынға ұшыраған Тобанияз көтерілісшілері, Боқмаш бастаған көтерілісшілер және Үсенов, Жұматаев бастаған көтерілісшілерді ақтау жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде Тобанияз көтерілісіне қатысты 59 адамның ақталғаны туралы құжат табылды. Боқмаш көтерілісіне байланысты 459 адам ақталған. Тек 9 адамның есімі ақталғандардың қатарында болмаған. Олар сотқа дейін түрмеде қайтыс болған екен. Есімі бізге мәлім. Қазіргі таңда комиссия тобы аталған 9 адамды ақтап, есімін кітапқа енгізуді жоспарлап отыр», - дейді өлкетанушы Алқажан Еділхан.
Сонымен қатар Үсенов, Жұматаев көтерілісіне қатысқан 373 адам айыпталған. Оның ішінен 267 адамның есімі облыстық мұрағатқа келсе, қалған 106 есім мұрағаттан табылмаған. Осы ретте өлкетанушы Ұлттық комитеттен рұқсат алып, іздестіру жұмыстарын әрі қарай жүргізетінін айтып отыр.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтап алу жұмыстарына жергілікті университеттің тарихшы ғалымдары да қатысып жатыр. Жоспар бойынша олар осы тақырып аясында ғылыми жоба ұйымдастырып, жас тарихшылардың аталған тақырыпқа қызығушылығын оятуды көздеп отыр. Сол үшін ҚР Білім және ғылым министрлігіне өтініш жазып, мемлекеттік білім грантын бөлуді сұраған.
Жиын барысында комиссия тобының жұмыс күші аз екендігі де айтылды. Егер аталған топ құпия құжаттармен жұмыс істеуге рұқсат алса, нақты нәтиже көтсетуге үлгермейтіндерін айтып жатыр. Сондықтан өлкетанушы Алқажан Еділхан құжаттармен жұмыс істейтін мамандар мен еріктілерді қатарға қосуды ұсынып отыр.
Бұл ретте Маңғыстау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Пәния Сармурзина ұсыныстың ескерілетінін, алдағы уақытта комиссиялық құрамның өзгеретінін айтты. Яғни сөзден нақты іске көшетін кездің келгенін ескертті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА