Ақтау гарнизонында әскери аспаздар далалық жағдайдағы бақылау-көрсету варкасын өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау гарнизоны баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жауынгерлік жаттығуды қолдау үшін әскери қызметшілер жыл сайын түрлі оқу жаттығуларға қатысады. Ал жауынгерлерді тамақпен қамтамасыз ету өте маңызды. Осыған байланысты «Оймаша» оқу жаттығу полигонында теңіз жаяу әскерлері бригадасының азық-түлік қызметінің бастығы капитан Тоқтар Әбдіқадыров кіші мамандармен бірге бақылау-көрсету пісіру бойынша сабақ ұйымдастырды.
Практикалық сабақ барысында әскери аспаздар далада алғаш рет рецептураны қатаң сақтап және санитарлық-гигиеналық талаптарды ескеріп бірінші және екінші тағамдарды әзірледі. Сонымен қатар далалық жағдайда нан пісірді.
«Әскери қызметшілерді далалық жағдайда тамақтандыру тұрақты орналасу орындарында болған кездегідей жүргізіледі. Яғни азық-түлік үлестерінің нормалары бойынша жүзеге асады. Бүгін біздің аспазшыларымыз дала жағдайында түрлі тағамдар дайындады», - дейді азық-түлік қызметінің бастығы капитан Тоқтар Әбдіқадыр.
Өткізілген сабақтың негізгі мақсаты – аспазшылардың аспаздық ережелер мен азық-түлікті өңдеу және тамақ дайындау кезіндегі санитарлық-гигиеналық талаптарды орындауын анықтау. Сондай-ақ далада кең ассортименттегі тағамдарды дайындау дағдыларын қалыптастыру.