Мұнайлы ауданында «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 22 отбасы баспаналы болды. Бұл туралы Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Жолбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жоба аясында аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, мүгедек балаларға және жетім балаларға әлеуметтік қолдаудың қосымша түрлері жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде. Бағдарлама қатысушыларына тұрғын үй құнының 10 пайызы көлемінде алғашқы жарна есебінде 20,5 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді.
«2021 жылы Маңғыстау ауылында 4 қабатты 24 пәтерлік 30 үйдің электр және сыртқы инженерлік жүйесі құрылысына 1 321,8 млн теңге және Батыр ауылдық округінде 4 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысына 665,5 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Маңғыстау ауылы 22 квартал аумағында «СК А-строй монтаж» ЖШС-нен көпқабатты тұрғын үйден 67 жалдамалы пәтер сатып алынды. Аталған пәтерлерді тұрғын үй кезегінде тұрған көп балалы отбасыларға беру жоспарлануда»,-деді Нұрлыбек Жолбаев.
Айта кетейік, Мұнайлы ауданына қарасты ауыл және ауылдық округтердің әкімдігіне жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 32 560 азамат тіркелген.