Маңғыстау ауданына қарасты Тұщықұдық ауылында тұратын 80 жастағы Дәмелі Мұқанова әлі күнге дейін өрмек тоқып, көзілдіріксіз кітап оқиды. Ол бау-басқұр мен 6 қанатты киіз үйдің жабдықтарын әлі күнге дейін өзі дайындайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәмелі Мұқанова 80 жасқа келсе де әлі тың. Шеберқол ананың бөлмесінен ұлттық қолөнер бұйымдарының сан алуан түрін кездестіруге болады. Мұнда 1971 жылы тоқылған бау-басқұр, желбау, текемет, алатеру алаша секілді қолөнер бұйымдары бар. Еңбекті жанына серік еткен шебер, өзінен өген қыздары мен келіндерін, немерелерін бау тоқу мен киіз басу өнеріне баулып келеді. 70 жасқа дейін атқа мініп, өріске қой айдаған батыр ана өткенді былай еске алды:
«1951 жылдан бері қарай көп қиыншылық көргеніміз жоқ. Қойдың жүнін иіреміз, киіз қылып басамыз. 10-ға келген соң тырбынып, ел қатарлы ере бастадық. Жіпті де еседі, жүнді де сабап киізді де екеуміз баса қоямыз. Шешеміз қажарлы кісі еді. Қаураған, ұзын бойлы, қажарлы кісі болды. Атқа да мінем, қойды да сауарып әкеліп бере қоямын шалыма да әкеме де. Мен жатып ұйықтап өмір сүрмеген адаммын»,-деді Дәмелі Мұқанова.
Дәмелі Мұқанова 10 ұл-қызды өсірген алтын құрсақты ана. 35 немере мен 20 шөберенің қызығын көріп отқан ол 7 келінін де қолөнерге үйреткен. Тұңғыш келінінің айтуынша, үй тігіп, оған ең бірінші жайлауға көшкен шақта киізге жиек есіп, қылдан жүн түтуді үйреткен.
«Осы кісінің қолында 13 жыл тұрдым. Сол жылда түйгенім өте көп. Ең бірінші үйреткені - бекіту тұсау. Қазақтың салты, дәстүрі. Қалай ою керек, текеметті киізді қалай басу керек осы кісіден соның бәрін үйреніп өстім. Сіңлілері енемнің сабақты жақсы оқығанын, есте сақтауы өте күшті екенінін айтып отырады. Осындай отбасыға келін болып түскеніме қуанамын»,-дейді келіні Закон Заманбекқызы.
Ісмер әжейдің әлі күнге дейін қимылы ширақ, ісі өнімді. Тіпті өрт түлікке жем салып, қора тазалайды. Көзілдіріксіз кітап оқып, немерелеріне ертегі айтудан жалықпайды. Өрмек құрып, ұршық иіру -сүйікті ісі. Осылайша ол бабалардан қалған мұраны бүгінге дейін жалғап отыр.