«Композитор Рахманинов» кемесінде әр түрлі құрал-жабдықтармен алты Еуро жүк көлігі келіп жетті. Ал бір жүк көлікпен киви жемісі жеткізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Ең бастысы паром арқылы көкөністер мен жеміс-жидек тиелген жүк көліктерді төгіліп-шашылусыз тұтынушыға жеткізуге мүмкіндік бар. Бір паромда 32-ге дейінгі рефрижераторда (еуро жүк көлігі) тез бұзылатын тауарларды тасымалдауға болады. «Құрық-Амирабад/Энзели» паромды желісі ирандық және қазақстандық кәсіпкерлер үшін тиімді болатынына сенімдімін», - дейді маркетинг және логистика бойынша атқарушы директор Әлібек Өтегенов.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін де «Құрық Порты» Мультимодалды кешенінің жаңа Құрық-Амирабад/Энзели (Иран)-Құрық паромды желісін іске қосқанын жазған болатынбыз. «Композитор Рахманинов» - ro-ro типтес кеме. Кеме иесі - «ТрансМорФлот» ЖШҚ.
«Құрық Порты» баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Құрық автомобильді инфрақұрылымы порт арқылы транзит және экспорттық-импорттық бағыттардағы өтуші жүктерді қабылдау мен жылдам қызмет көрсетуге толығымен дайын. Бұған дейін Құрық Порты Әзірбайжанмен ғана паромды хабарламаны іске асырған болатын.
Айта кетейік, биыл 10 айда Құрық порты арқылы өтетін жүктерді тиеу 1,352 млн тоннаға жетті. Бұл 2019 жылмен (1.062 млн. тонна) салыстырғанда 290 мың тоннаға немесе 21%-ға жоғары. Экспортқа мұнай, астық және халықтық қолданыстағы тауарлар жіберледі. Ал заттық өнімдер мен құрылыс материалдары секілді халықтық қолданыстағы тауарлар импортталады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді ұсынған «Құрық порты» баспасөз қызметі