«Құрық» порты Иранның Амирабад және Анзали порттарына қатынайтын жаңа паром бағытын іске қоспақшы. Ро-Ро паромының алғашқы тасымалы 10-15 қараша күндерге жоспарланып отыр. Бұл туралы Құрық портының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бастапқыда ресейлік кемелерді пайдалану көзделген. Оған ұзындығы 17 метрден 32 метрге дейінгі ауыр машина сияды. Бір бағытқа баратын жүктің құны – 1600-1700 $.
Айта кетейік, «ро-ро» термині ағылшынша жіберу / оралудан шыққан. Жалпы тиеу-түсіру жұмыстары жүк көтергіш жабдықтың көмегінсіз орындалатын жүктерді тасымалдайды. Осы арқылы өздігінен жүретін немесе тіркелген көлік құралындағы жүк дербес паромның, баржаның немесе осы кемеге бейімделген басқа палубаға түседі. Содан кейін межелі портқа жағаға шығады.
Сонымен қатар «Құрық» портында кедендік бақылау ғимараты салынған болатын. Онда фитокарантиндік, ветеринарлық-санитарлық бақылау қызметтері бар. Енді барлық мемлекеттік және порттық қызметтің жұмысын үйлестіру «бір терезе» арқылы орындалады.
Еске сала кетейік, былтыр «Құрық» порты 1 млн 366 мың тоннадан астам түрлі жүк өңдеген. Оның 853 мың тоннасы импортталса, 512 мың тонна жүк экспортталған болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді «Құрық» портының баспасөз қызметі ұсынды