Елімізде енгізілген карантин режиміне байланысты экономиканың зардеп шеккен секторларына қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы өзгерістер енгізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық сауда және кәсіпкерлік басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұқанбетжан Көбеген мәлім етті. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, пайыздық мөлшері 6 пайызға төмендетілді.
«Бүгінгі күнгі енгізілген өзгерістер бойынша несиелерін жоғары пайызбен төлеп отырған шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері, мемлекеттен бөлінетін субсидияны пайдалана отырып, несие мөлшерін төмендетуге 29 түрлі салада жұмыс істеп жүрген жандардың мүмкіндігі бар. Олар автосалондар, автомобильдерге техникалық қызмет көрсету орталықтары, мейрамханалар, тамақ өнімдерін жеткізу қызметі, туристік агенттіктер, мектепке дейінгі білім беру, орта білім беру саласы, дәрігерлік практика және стоматология саласындағы қызмет, фитнес клубтар, тоқыма және химиялық тазалау қызметі, шаштараз және сұлулық салондар мен жылжымайтын мүлікті жалға беру қызметі», деді Мұқанбетжан Көбеген.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Маңғыстау облысы бойынша басшысы Гүлжан Қалымбетованың айтуынша, кәсіпкерлер қазан айына 30-на дейін өтініш жібере алады.
«Мемлекеттен қолдау алу үшін кәсіпкерлер 30 қазанға дейін банкке өтінім беруі қажет. Банк оларға несие беру бойынша қызмет көрсетеді. Содан соң «Даму» қоры банктер берген тізімдер мен сауалнама-өтініштер негізінде 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде субсидиялау мүмкіндігі туралы шешім қабылдайды», - Гүлжан Қалымбетова.
Бағдарламаға қатысудың басты шарты — кәсіпкерде 2020 жылдың 16 наурызы күнін есепке алғандағы мерзімде 180 күннен асқан несие берешегі болмауы керек.