Республикалық «Айбын-2020» VI республикалық әскери-патриоттық байқауы басталды. Аталмыш байқаудың ашылу салтанаты елордада өтті. Оған Маңғыстаулық оқушылар онлайн форматта қатысты.
Әскери-патриоттық жастар жиынында Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Адал және табанды күресте жеңіске деген үміттеріңізді жоғалтпаңыздар, бастысы – жеңіс емес, осы жарысқа қатысып, өз мүмкіндіктеріңізді сынау», - деді ол.
Елдегі күрделі жағдайға байланысты іс-шара алғаш рет онлайн режимде өткізілуде. Республикалық жиынға әр өңірден барлығы 39 команда, соның ішінде Маңғыстау облысынан «Альтаир» және «Жас теңізшілер» атты 2 команда қатысып жатыр.
«Бүгін біздің өңірден Айбын әскери-патриоттық жиынына 30 бала қатысып отыр. Біз осы сайысқа мектептерден оқушырды өз еріктерімен іріктеп алып, дайындадық. Арасында қыз балалар да бар. Дайындықтарымыз мектепте, ашық алаңда өтті. Мақсатымыз - оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеу. «Айбын-2020» сайысында жүлделі орын аламыз деп сенеміз», - деді «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының МОФ төрағасы Мақсат Жолаев.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 2018 жылдан бастап қолға алынған «Жас Сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының қызметі жыл сайын жанданып келеді. Бүгінгі таңда әскери-патриоттық клубтардың саны 2828-ден 6640-қа жеткен. Тәрбиеленушілер саны 74 164-тен 195 886-ға артқан. Маңғыстаулық оқушылар да аты аталған клубтың мүшесі атанғандарын мақтан тұтады. Мақсаттары да айқын.
«Біздің ұранымыз: «Жас теңізшілерміз, жеңіске бірге жетеміз!» Маған әскери қызмет ұнайды. Осы салада өзімді жақсы қырымнан көрсеткім келеді. Мен 11-сыныпты аяқтағаннан кейін әскери бөлімге тапсырамын деген ниеттемін», - дейді 10 сынып оқушысы Мағауия Қонысбаев.
Сайысты көрермендер онлайын көру үшін Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында арнайы фронт-офис құрылған. Онда Led-экран арқылы жарысқа қатысушылардың өнерін тамашалауға болады. Әр өңірдегі командалар да өз өнерлерін тікелей эфир арқылы көрсете алады. Сонымен қоса іс-шараны өткізу үшін «Aibynonline.kz» онлайн-платформасы және «Aibyn» мобильді қосымшалары мен веб-сайт әзірленген.
Биылғы сайыста әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстар өткізілмек. Қатысушылар «Айбын дарыны» интеллектуалдық ойыны, «Айбын жұлдызы», «Саламатты Жас Сарбаз», «Смарт Сарбаз» номинациялары бойынша бақ сынайды.
Әділқазылар алқасы Нұр-Сұлтан қаласында қатысушы жастардың өнерін сарапқа салатын болады. Олар онлайн көрсетілімдер арқылы жеңімпаздарды анықтайды.
Іс-шара барысында жаңалықтарды көпшілікке дер кезінде жеткізу мақсатында Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Аibyntv» студиясы ашылған. Онда «Жас сарбаз медиа» шығармашылық тобының жас тілшілері арнайы репортаждар жүргізетін болады.
Республикалық жиынның жабылу салтанаты 30 қараша ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасында өтеді. Оған жеңімпаз командалардың капитандары шақырылатын болады. Ал шалғайдағы өзге қатысушылар қорытынды кешті бейнебайланыс арқылы тамашалай алады.
Айгүл ОРЫНБАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН