Облыс әкімі Серікбай Трұмов Ресейден келген дәрігер Карина Дворницына мен Артур Оганисянды қабылдап, аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды талқылады. Шетелдік дәрігерлер ем-дом шараларына қатысты жұмыстары жайында баяндап, ауруды ауыздықтау үшін бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Екі күн Ақтаудағы провизорлық стационарлар мен инфекциялық орталықтарда болдық, жалпы емдеу процесі өз деңгейінде дұрыс жүргізілуде, жергілікті дәрігерлердің біліктілігі де қуантты. Дәрі-дәрмек жеткілікті, алдағы уақытта науқастар үшін емдеудің хаттамасына өз ұсыныстарымызды береміз" деді, Карина Дворницына.
Сонымен қатар, облыстағы карантиндік шектеулерге бақылауды күшейту, ауруханаларды күзетуді қатайтып, үйден тамақ әкелуді тоқтату, өзге адамдардың және өз еркімен ауруханаларға науқастардың келуіне тыйым салу, аурухананың ішінде Анықтама беру қызметін ұйымдастыруды ұсынды. Жалпы тұрғындар үшін үйлерінде сплит-системалы кондиционерлерді қолданбағаны дұрыс, ол ауруды таратуға ықпал етуі мүмкін екендігін ескертті.
Өңір басшысы өз сөзінде облыстағы медицина мамандарын қолдауды әрі қарай жалғастырып, қосымша көмек керек болса әрқашан дайын екендігін айтты. Мәскеуден шақырылған дәрігерлердің еңбекақысы мен орналасуына қолдау көрсеткен "Қаражанбасмұнай" және "Каспий битум" компанияларына облыс әкімі өз алғысын білдірді. Сондай-ақ, аймақ басшысы ресейлік дәрігерлерге қала, аудандарға да арнайы барып, науқастарды емдеуге көмек беруді сұрады. Бүгін Карина Дворницына мен Артур Оганисян Жаңаөзен қаласындағы дәрігерлерге көмек беру үшін жолға шықты.