Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянстың ұйымдастыруымен Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қаржылық қолдауымен журналистерге арналған тренинг өткен болатын. Тренинг «Мемлекеттік органдардың ашықтығын және есептілігін арттыру: идеяларды іздеу, ақпарат көздерімен жұмыс жасау, фактілерді қайта тексеру және оларды жылжыту» тақырыбында өтті. Алты күндік қазақ тілді журналистерге арналған атты тренингке Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысынан келген 15 журналист қатысты.
Аталған тренинг барысында Coda media қалаушысы және бас редакторы, The Wall Street Journal және The New York Times журналында штаттық корреспондент ретінде қызмет атқарған Илан Гринберг және бюджет және қаржы саласындағы сарапшы, «Zertteu research institute» қоғамдық қорының құрылтайшысы Шолпан Айтенова дәріс өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Қатысушылар мемлекеттік органдардың ашықтығын және есептілігін арттыруға ықпал ету мақсатында мемлекеттік сатып алу порталымен жұмыс, фактчекинг, журналистік зерттеу бойынша білімдерін және дағдыларын шыңдады. Тренингтен кейін 3-4 ай бойы қатысушылар бюджет ашықтығы аясында журналистік зерттеу жүргізіп, мақала жазды. 10 шілде күні ең үздік мақала жазған 5 журналист анықталды.
Тренинг аясында өткен конкурстың комиссия құрамында тәжірибелі журналист, factcheck.kz сайтының редакторы Думан Смақов, Ońtústik Rabat аймақтық газетінің бас редакторы, «Жаңа репортер» (newreporter.org/kz) сайтының қазақ тіліндегі редакторы Жәнібек Нұрыш, тәжірибелі журналист Жұлдыз Әбділдә және Minber журналистерді қолдау орталығының директоры Есенгүл Кәпқызы, медиатренер, редактор Назгүл Қожабек болды. Комиссия мүшелері мақала тақырыбының өзектілігі, объективтілік, жазу сауаттылығы мен журналистік этикаға сүйеніп, жеңімпаздарды анықтаған. Айта кетейік, комиссия отырысы онлайн режимде өтті.
Нәтижесінде, Рыскүл Рамазанның «55 млн тұратын PR: Тұрымов Тоқаевты естімеген бе?» мақаласы, Жұлдызай Қалиеваның «Алматы – Жаңаөзен: Оқулықтарды тасымалдауға қанша қаржы кетеді?» мақаласы, Қайрат Жакуповтың «Жолдың жыры бітпей тұр» мақаласы, Мадина Керимкулованың «Нұрмахан Нұрбол мырза, Жамбылдың жолын қалай жалғыз «жамайсыз?» мақаласы және Самал Жаметтің «Ақбұлаққа» бір қуанып, «таза суға» бір мұңайып, уақыт өтті-ау, зырғып ағып, зырғып ағып…» атты мақаласы жоғары балға ие болды. Байқау жеңімпаздарының әрқайсысынa 1000$ сыйақы табысталады.
Айта кетейік, Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы 2019 жылдың қараша айынан бастап Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қаржылық қолдауымен «Мемлекеттік органдардың есептілігін қазақ тілді журналистер арқылы нығайту» атты жобасын жүзеге асыруда.