«...Осы салада, әсіресе, ауылды жерлерде байқалып отырған маман тапшылығы бізді алаңдатады. Олардың кәсіби дайындығы да сұрақ тудырады. Кейбір жекелеген сараптама нәтижесіне сай, медициналық жоғарғы оқу орнын бітіруші түлектің әрбір төртіншісі ғана таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеуде», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі негізінен Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында және Астана қаласында байқалады» деп мәлімдеме жасаған болатын үстіміздегі жылдың ақпан айында Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті.
Қазіргідей дүниені коронавирус секілді қауіпті індет жайлаған тұста дәрігерлердің қадір-қасиетін жұртшылық жете ұғынғандай болды. Біздің кейіпкеріміз де сондай сұранысқа ие маманның өкілі болғандықтан 72 жасқа жеткенше қолынан қандауыры түспеген оташы, өз кәсібінің білгірі Алдаберген Дүйсенбаев.
Елге еселі еңбегімен танылған қолы дауалы оташы Алдаберген ауылшаруашылығы саласының озық қызметкері, бұрынғы «Қызылтаң» колхозының бастауыш партия ұйымының хатшысы марқұм Сенбай ақсақалдың отбасында дүниеге келді. «Қалай да дәрігер болам» деп өзінің алдына биік мақсат қойған талапты жас 1966 жылы Шахта орта мектебін бітірген соң, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, 1972 жылы жақсы нәтижемен аяқтап шықты.
Студенттік-өндірістік тәжірибе кезеңінде операциялармен бірге республикалық «Медициналық-санитарлық еңбек қорғау» қоғамдық ұйымының жұмыстарына белсене қатысқан болашақ оташы ұлағатты ұстазы, профессор Александр Шабановтың: «Операцияны кез келген хирург жасай алады, бірақ ауруды аяғынан тұрғызып жіберу олардың қай-қайсысына да үлкен сын»,-деген сөзін үнемі есінде ұстаумен келеді.
Алғашқы еңбек жолын Маңғыстау облысының Таушық ауылында бастаған Алдаберген Сенбайұлы 1972 жылдан 1994 жылға дейін Шетпе аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін, кейін Жетібай аудандық ауруханасында хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқару үстінде 12 мыңыншы операциясын сәтті аяқтап шыққан қолы жеңіл оташы.
Хирург өмірінде кейбір операциялардың бес-алты сағатқа созылып кететін уақыттары болады. Көбіне бұндай күрделі оталар Ақтау-Жетібай-Өзен тасжолының бойында кездейсоқ көлік апатына ұшыраған адамдардың жанын сақтап қалу үшін жасалады. Шалажансар күйде ауруханаға жеткізілетін мұндай жандардың көбіне іш құрылысы зақымданып, қансырап қалатыны ота кезінде қиындық туғызады. Аяқ астынан қалыптасқан жағдайға байланысты ота үстелінде нағыз өмір үшін арпалыс басталады. Бір жақсысы 50 жылдан астам уақыттан бері сағаттап аяқ үстінде тұрып науқастың өмірі үшін күресуді өмірлік мұрат тұтқан Алдекеңнің алдынан әзір ешкім ажал құшпапты.
Жасының ұлғайғанына қарамастан, ота үстелінен әзірге алшақ кете қоймаған кәнігі маманның отбасында оның ісін жалғастырушы ұлы Ерлан оташы, келіні Раушан емдеуші дәрігер қатарында болса, жан жары Роза 36 жылдан бері өзінің көмекшілік етіп келе жатқан оташы-медбике.
Бүгінде әке жолын қуып, хирург қандауырын ұстап жүрген жас маман Ерлан Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының түлегі. Ол Жетібай ауруханасында хирургия бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасай жүріп, тәжірибе жинақтау үшін, аптасына облыстық ауруханасына қатынап, кешкі кезекшілік операцияларға қатысып жүр.
Адал еңбегінің арқасында Маңғыстау, Қарақия ауданының «Үздік дәрігері», Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының, Денсаулық сақтау Министрлігінің бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталған Алдаберген Сенбайұлының қасиетті қандауырының ұшымен қауіпті кеселінен айығып, арамызда сау-саламат еңбек етіп жүрген жерлестеріміз мыңдап саналады. Өмірін адам жанының арашасы болуға арнаған оташыға және оның отбасына саулық тілейміз.
Үміт ЖӘЛЕКЕ