Ақтауда 14-шағынаудандағы карантинге жабылған үйдің тұрғыны Алена Кабакова сол оқиғаның қалай өрбігені жайлы айтты. Ол осыған дейін короновирус анықталған науқастармен бір подъезде тұрған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
- 6 сәуір күні 14-шағынаудандағы үйден 2 науқас анықталып, бір подъездің тұтастай тұрғындары 14 күнге карантинге оқшауланғаны белгілі. Сол күнгі жағдайды ешқашан есімнен шығармаймын депсіз. Қалай болды? Осыдан бастайық.
- Бәріміз алғаш рет коронавирус туралы жаңалықтардан естідік. Кейбіреуіміз тіпті сенбедік, бізге келмейді деп ойладық. Бірақ Ақтауда індетке қарсы басталған шараларды көріп, отбасымызбен сақтық шараларын қабылдай бастадық. Маска мен қолғап кидік, өз қолыммен әр түрлі қоспаларды қосып антисептик жасадым. Дайындалуым бекер емес екен. Жексенбі 5 сәуір күні кешке дүкенге нан алуға кеткен келінім жүгіріп келіп, есіктің алдында полицияның толып жүргенін, барлығына үйлерінен шықпауды сұрап жатқанын айтқанда таңғалдым. Көршімнің балконына барып, не болғанын өз көзіммен көрейін дедім. Себебі менің терезем теңізге қарайды. Далада формадағы тәртіп сақшылары толып жүр. Дереу сыртта жүрген көршіме телефон соғып, не болғанын сұрай бастадым. Ол біздің подъездегі бір пәтерде науқастар бар екенін айтты. Кейін жедел жәрдем көлігі келіп, ішіндегі дәрігерлер арнайы костюммен шықты. Тас төбеме су құйғандай болды. Аяғым дірілдеп, қатты қорықтым. Дәрігерлер сол кеште үш әйелді алып кетті. Абыр-сабыр. Дүрлігу. Түсінбей қалдық. Тек күту керектігін білдік. Түрлі қаңқу сөздер тарап кетті. Қайсына сенеріңді білмейсің. Ресми ақпаратты күттік. Сонда да ондай жағдай тіркелмесе екен деп үміттендік. Сол күні кешке көршілерімізбен бірлесіп подъезді хлормен жуып алдық. Ертеңгі күні полицейлердің кетпегенін, қоршау қойылғанын көріп, рас екеніне көзім жетті. Міне, таңертең біз күткен ақпарат жарияланды: «Маңғыстауда 5 жағдай тіркелді, оның екеуі бүгін таңертең анықталды» -делінген хабарламада. Кейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев орталық коммуникациялар орталығында «Кеше кешке 4 адамды коронавирус жұқтыруы мүмкін деген болжаммен алып кетті, оның екеуінен нәтиже расталды. Олар Өзбекстаннан келген азаматшалар. Осыған дейін 3 сәуірде анықталған Қызылорда тұрғынымен байланыста болған» -деп ақпарат берді. Біз осылайша карантиндегі өмірімізді бастап кеттік. Отағасын жұмыс уақытша босатты. Балалар компьютер алдында. Тек уақыттың өтуін күттік. Ешқашан көз алдымнан кетпейді.
- Келесі күні дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Карантинге жабылғандарыңызды хабарлады. Мұны қалай қабылдадыңыздар?
- Иә, оқшауландық. Карантин басталған сәттен бастап, домофон арқылы ЖЭК-тің басшысы телефон нөмірімді сұрап алды. WhatsApp желісінде біздің подъездің тұрғындарын, ЖЭК өкілі және әкімдік қызметкерлерінің басын қосатын топ ашып жатыр екен. Таңертеңмен түгелдей 500 метр аумаққа дейін дезинфекция жұмыстары істелді. Әр пәтерге санитар мамандары костюммен келіп, карантин ережесін түсіндірді. Чатта бізге өзімізге қажетті заттарымыз бен азық-түлікті арнайы жасалған саңылаудан әкімдік қызметкерлері мен полицейлер алып беретінін айтты. Подъезге маска мен қолғаппен шығуымыз есткертілді. Қоқыс тастау да шешілді. Яғни, подъездегі есіктің алдына қоямыз деп шештік. Әрі қарай, ЖЭК қызметкерлері өздері күн сайын алып кетеді.
- Демек, сіздер байланыссыз қалмадыңыздар? Тағы қандай көмек көрсетілді?
- Шынымды айтсам, қолдау көрсетушілер көп. Біз үшін алаңдайтын да шығар. Әкімдік қызметкерлері мен ЖЭК өкілдері қандай көмек керектігін күнде сұрайды. Біздің жұмыссыз, үйінде жатқан көршіміз бар. Соған біз көршілер болып көмектесетінбіз. Мынандай жағдайда шығуға да қорқасың. Сондықтан мамандарға хабарладық. Әкімдіктен жастар келіп, өз қалталарынан тамақ алып берген екен. Риза болып қалдық. Жедел қызмет еткен Ақтау қалалық әкімдігіне алғысымды айтқым келеді. Осындай қиын-қыстау заманда бірлесе атқарған еңбек бәрін жеңбек.
- 14 күн бойы көршілеріңізбен араласыздар ғой. Жақын туыстай болып кеткен шығарсыздар?!..
- Олармен бір үйдің баласындай болып кеттік. Карантин біткен соң, басымыз жиналып, далаға саяхатқа шығуды жоспарлап қойдық. Күнде кітап, кино алмасамыз. Оқшауланудың бір жағынан көмегі тиді. Осындайда әлемде жақсы адамдардың көп екенін, айналадан тек жақсылық күту керектігін білесің. Адамзатқа адамгершілікті есіне салғандай бұл дерт.
Ал карантин бұл індетті таратпаудың жалғыз жолы.
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!