Кеше, 15 сәуір күні Ақтау қаласы әкімінің орынбасары С. Гусман бастаған жұмыс тобы көппәтерлі тұрғын үйлердегі залалсыздандыру жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын тексерді.
Алдымен жұмыс тобы 30 шағынаудан 168 үйге қызмет көрсететін ПИК ИП "Байжигитов" кеңсесіне барды. Алайда алдын ала ескертілсе де, кеңсе жабық тұрды. Ал подъездерде тазалық жұмыстары жүргізілмеген. Арнайы ақпараттық тақтасы да бос болып шықты. Яғни ПИК туралы ақпарат, авариялық қызметтердің байланыс нөмірлері және төтенше жағдайға байланысты, коронавирус инфекциясынан сақтану жолдары туралы жадынама да ілінбеген.
Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Г. Өмірзақованың айтуынша, кіреберістегі және іштегі ақпараттандыру тақтасында тұрғындарға арналған қажетті барлық ақпарат толық жазылуы тиіс.
Бұдан кейін осы шағынаудандағы 167 үйге қызмет көрсетуші ПИК ИП "Чапканов" жұмысымен танысты. ПИК басшысының айтуынша, әр подъезде күнделікті бір мезгіл хлормен ылғалды тазалық жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар дезинфекция жұмыстарын жүргізетін мекемемен келісім- шартқа отырған. Жуырда ПИК қызмет көрсететін барлық үйлер дезинфекцияланбақ. Бұл жердегі ақпараттық тақтада ешқандай мағлұмат жазылмаған. Ескерту берілді.
«Ақтау қаласының басқарушы және сервистік компания қауымдастығы» төрағасының орынбасары Қайырғалы Қалмұқановтың айтуынша, бүгінде қауымдастық өз күшімен арнайы екі мобильді топ құрып, тұрғын үйлерге, ойын алаңдарына және аулаға дезинфекция жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар – тегін. Тұрғындар ақша төлемейді.
Айта кетейік, жұмыс тобы бұл жұмыстарды ары қарай да жалғастырады.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН