Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері жалпы аумағы 278 мың шаршы метрді құрайтын Ақтау қаласының 70-тен астам нысанына дезинфекция жасады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР қарулы күштері «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 наурыздан бастап 120 әскери қызметші және 3 АРС-14 (автоқұюстанциясы) әскери техникасының күшімен қала жағалауы аумағы, сондай-ақ Назарбаев даңғылы бойындағы барлық ықшам аудандарда санитарлық жұмыс жүргізді.
Дезинфекция тұрғын үйлердің және оған іргелес аумақтардың, ойын алаңдарының, алаңдар мен саябақтардың, мемлекеттік органдардың аумақтары, базарлар және әуежай учаскелерінде жүргізілген.
Іс-шараларды өткізу үшін жеке құрам арнайы жабдықтармен, газсыздандыратын қорғаныш жиынтықтармен, сонымен қатар дезинфекциялық ерітіндімен қамтамасыз етілген.
Біз қолданатын ертінділер адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз және 5 сағатқа дейін күшін жоймайды. Біз 1 тонна су үшін 450 грамм «Рубеж» қоспасын немесе 16 кг натрий гипохлоритін қолданамыз. Бүгінгі таңда қала аумағында 70 нысанда залалсыздардыру жұмыстары аяқталды, - дейді «Батыс» өңірлік қолбасшылығының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс күштерінің бастығы Алмас Несіпқалиев.
Жалпы карантин режимін қамтамасыз ету шаралары аясында Ақтау қаласына 300-ге жуық әскер жұмылдырылған. Әскери қызметшілер дезинфекциядан басқа бақылау-өткізу пункттері мен қала күзеті қызметінде жүр.