Жыл басынан бері Ақтау қалалық перинаталдық орталығында 1 583 әйел босанды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 211-ге артық. 2019 жылдың бірінші тоқсанында мұнда 1 384 бала дүниеге келсе, биыл 1594 бала өмір есігін ашты. Бұл туралы Ақтау қалалық перинаталдық орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда Ақтау орталығында туған балалар 210 балаға көп болып отыр. Балалардың ең ірісінің салмағы 5,280 грамм.
Былтырғымен салыстырғанда егіз туғандар саны екеуге артық, яғни биыл 11 егіз өмірге келген. Әзірге үшем туған жоқ. Ал өткен жылы осында бір әйел үшем туған болатын.
Уақытында босанғандар саны 1 209–дан 1 487-ге артса, кесар тілігімен босанғандар 293-тен 331-ге дейін өсті. Ал кеш босану 128-ден 84–ке дейін, мерзіміне жетпей босану 35-тен 12-ге дейін азайды.
Өткен жылы босануға 1151 серіктес қатысты. Биыл Ақтау қалалық перинаталдық орталығында бұрын жарияланған карантинге байланысты серіктестер босануға жіберілмейді. Сондай-ақ үйде босану жағдайы кездеспеді. Ал ең бастысы, ана өлімі тіркелген жоқ.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА