Әлемде дүрбелең туғызған коронавирус індеті елімізде пайда болып, төтенше жағдай жарияланғаннан бері өңірімізде көптеген ізгілікті шаралар қолға алынып жатыр. Мешіттерде қайырымдылық жасалып, мұқтаждарға көмек ретінде азық-түлік жеткізілуде. Сондай-ақ, облыстық Бекет ата мешітінің жанындағы әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен бетперделер тігіліп, таратылуда. Бұл туралы мешіттің баспасөз қызметі хабарлады.
⁃ Бүгінде бетперделер қат дүниеге айналып, дәріханалар сөрелерінен жоғалған. Осыған орай мешіт қызметкерлері мен еріктілерді біріктіріп, бетперделер тігілуде. Барлық стандарттарға сай көп реттік бетперделер мешіт жамағаты, қызметкерлер және азық-түлік дүкендерінің сатушыларына тегін таратып жатырмыз, - дейді ҚМДБ Маңғыстау облысы бойынша өкілдігі әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақмарал Қазиева.
Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің әйел-қыздары 1 мыңға жуық бетперделер тіксе, Мұнайлы ауданына қарасты Төлей ишан мешітінде 300-ден астам бетперде дайындалған. Түпқараған аудандық орталық мешіті мен Жаңаөзен қалалық мешіттерінің әйел жамағаты 500-ден астам бетперде тігіп, таратқан.
Сондай-ақ, облыс орталығынан шалғайда орналасқан Бейнеу аудандық мешітінің нәзік жанды жамағаты да белсенділік танытып, бетперделер тіккен. Мамандардың айтуынша, жұқпалы індеттің алдын алуда аса қажет саналатын бетперделер қарапайым мата мен дәкеден дайындалып, көп реттік киюге арналған.