Әлемді жайлаған қауіпті дерт – COVID-19 вирусын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп жариялауына байланысты елімізде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай енгізілді. Халықтың өмірі мен денсаулығын басты орынға қойған үкімет қауіпсіздік шараларын шұғыл қолға алды.
Дүниедегі күрделі ахуал маңғыстаулықтарды да алаңдатып отыр. Көңілдері кірбің, жүректері дүдәмалға толы жерлестерімізді толғандыратын көкейтесті мәселелерінің бірі – атаулы әлеуметтік көмектің төленуі турасында болып тұр.
Осыған байланысты Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы әлеуметтік көмектер бөлімінің басшысы Анар Закриенова:
«Әлеуметтік көмектер бөлімінің басты міндеті – халықтың осал әлеуметтік топтарына атаулы әлеуметтік көмек көрсету. 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек беруде жаңа тәртіп енгізілгенін естігенін шығарсыз. Қаңтар айынан бастаптөрт және одан көп балалары бар отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, аз қамтылған отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек және осы отбасылардағы 1 және 18 жас аралығындағы балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгізілді. Бұл әлеуметтік жәрдемдер ешбір кедергісіз төлене береді. Мәселен, наурыз айында төленетін жәрдем келесі айдың 10-на дейін берілуі тиіс. Ал балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы алғаш рет енгізілгендіктен, кешігулер бар. Оның ішінде - отбасының 1-6 жас аралығындағы балаларына азық-түлік және тұрмыстық химия топтамалары берілсе, отбасының 7-18 жас аралығындағы балалары оқу жылы мезгілінде мектепте күніне бір рет ыстық тамақпен, жылына бір рет мектеп формасымен және оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Ақпан айында берілуі тиіс мектепке дейінгі балаларға берілетін топтама осы наурыз айында таратылуда.Ал мектеп жасындағы балаларға берілетін киім формасы мен оқу құрал-жабдықтары жаңа оқу жылында табысталатын болады.
Барша Маңғыстау халқын сабыр сақтап, еш уайымдамауын сұраймыз. Барлық атаулы әлеуметтік көмек уақытында еш кешігусіз, еш кедергісіз төлене береді», - дейді.
1 наурыздағы ақпаратқа сәйкес облыстағы әлеуметтік жәрдем алатын көпбалалы отбасылар саны – 26 511 отбасы болса, атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасы – 2 470 отбасы, 13 510 адам. Ал кепілдендірілген әлеуметтік топтамасы бойынша(18 наурыздағы көрсеткіштерге сәйкес) –1961 отбасының 2896 бала азық-түлікпен, 2382 бала тұрмыстық химия топтамаларымен толық қамтылады. 4651 оқушы оқу кезінде күніне бір рет ыстық тамақ ішеді.
Ханым ҚУАТ