©
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс режимі өзгерді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Халыққа қызмет көрсету орталығының Маңғыстау облысы бойынша филиалының таратқан ақпаратында орталық дүйсенбі-сенбі күндері 09:00-17:00 аралығында жұмыс істейтіні айтылған.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде egov.kz порталы, Telegrambot2.0, egovmobile мобильді қосымшалары арқылы алуға болады. ХҚКО көрсететін қызметтер саны қысқартылады, азаматтар онлайн ұсынылмайтын қызметтерді ғана ала алады.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болатын қызметтердің қатарында төлқұжат пен жеке куәлік алу, зейнетақы мен әр түрлі жәрдемақы тағайындау және т.б. бар.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80%-ы автоматтандырылған және электрондық үкімет порталы арқылы қолжетімді, сондай-ақ қажетті анықтамаларды eGov Mobile мобильді қосымшасы және телеграмдағы бот арқылы алуға болады. Мемлекеттік қызметтерді алу барысында қандай да бір қиындықтар мен сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар 1414 Бірыңғай байланыс орталығына ұялы және стационарлы телефоннан хабарласа алады. Қоңырау соғу тегін. Бұрын хабарлағанымыздай, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «ҰАТ» АҚ, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ және «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп, ҚР 1414 Бірыңғай байланыс орталығының жұмысын күшейтті.
Сонымен қатар, Министрлік Халыққа қызмет көрсету орталықтарына адам көп шоғырланатындықтан, азаматтарға ХҚКО-ға аса қажет болмаса бармауға кеңес береді.