Ақтау гарнизонында қарқынды жауынгерлік дайындық жалғасуда, теңіз жаяу әскерлері бригадасының 1500-ден астам әскери қызметшісі жауынгерлік атыс жүргізуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан 25744 әскери бөлімінде жауынгерлік дайындық сабақтары ұйымдасқан түрде және тиісті деңгейде өтуде. Теңіз жаяу әскерлері заңсыз қарулы күштердің шабуылдарын тойтару, шабуылға шығу, жауды қудалау сияқты әртүрлі тәсілдерді жетілдіруде.
–Әскери қызметшілер қазіргі заманғы жалпы әскери ұрысты жүргізу, қорғаныста, шабуылда және жергілікті жерге инженерлік барлау жүргізу барысында іс-қимыл жасау дағдыларын пысықтайды. Сабақтардың 30%-дан астамы түнде өтеді, - деді 1 теңіз жаяу әскерлері батальонының командирі Фархат Манабаев.
Тактикалық тапсырмаларды орындау кезінде бөлімшелердің бірізділігі тексеріледі. Командирлер атысты басқару, ұрыста бөлімшенің іс-әрекетіне басшылық ету тәжірибесін жинақтайды. Ал әскери қызметшілер бөлімше құрамында тапсырмаларды орындау дағдыларын шыңдайды.
Айта кетейік, жауынгерлік дайындық шарасына 1500-ден астам әскери қызметші қатысуда. 80-ге жуық әскери техника жұмылдырылған. Жауынгерлік дайындықтың келесі кезеңі взводтарды үйлестіру болады.