Ақтау, Жаңаөзен қалалары, Бейнеу, Маңғыстау, Түпқараған және Мұнайлы аудандары тұрғындары 4 және 17 жас аралығындағы балаларын мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативімен қамтылған тегін үйірмелерге тіркей алады. Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сүйенсек, "DamuBala" жаңа интернет-платформасы өңірдің спорттық және шығармашылық ұйымдарының басын біріктіреді, ата-аналар өз ЭЦҚ-сы арқылы аталған платформада балаларын қалауына қарай үйірмелерге тегін жаза алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Баршаға мәлім, соңғы екі жылда елімізде мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру жүйесі негізінде "Artsport.edu.kz" сайты қолданылды. Ал биылдан бастап біздің өңірде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйғарымымен "DamuBala" платформасына толығымен көшу көзделуде.
- Былтыр тиісті Министрлік тарапынан мемлекеттік спорттық тапсырысты жүзеге асыратын платформаны, бәсекелестік ортаға салып анықтау тапсырмасы берілді. Ал биылдан бастап мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру барысында жаңа заң жобасына сәйкес үкімет мемлекеттік спорттық тапсырысты жүзеге асыру порталын бәсекелестік ортаға салып мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес жаңа платформаны анықтауға мүмкіндік тудырды. Бәсекелестік ортаға салу кезінде платформаны анықтау мақсатында техникалық ерекшелікке басқарма тарапынан, жаңа мемлекеттік тапсырыс туралы қағидаға сәйкес балаларды қабылдау ЭЦҚ кілт немесе QR код арқылы қабылдау және табельге қол қою функциясы болу керектігі көрсетілген. ЭЦҚ немесе QR код болған жағдайда ата анаға тікелей ақпарат барып, әр ата ана өзі қол қоя алады,-деп мәлімдеді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы.
Нәтижесінде байқауды "QazTiQet" ЖШС жеңіп алды. Жаңа порталдың функциялары ыңғайлы әрі ашық жүйесімен ерекшеленеді. Платформа арқылы ата-ана бала жетістіктерінің жазба тарихын көру, қызмет көрсетушілер мен оператормен ыңғайлы байланыс орнату, сабақ кестесі, қолжетімді секциялар мен кезектілік туралы ақпарат көзін көру, баланың сабаққа қатысуын айына бір рет немесе күн сайын растау, секция, оқытушы-жаттықтырушы және қызмет көрсетуші туралы толық ақпарат алу, ваучердің яғни қызметке ақы төленгендігін растайтын құжаттың қауіпсіз қорғанысын қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие бола алады.
- Бүгінгі таңда бұрыннан, яғни 2021-2022 жылдар аралығында жұмыс атқарып келе жатқан өнім берушілердің өтінімдері қаралып, құжаттарды тіркеу барысында заңға сәйкес жаңарту процесстері жүргізілуде. Жаңарту процесстері аяқталып, өтінімдер қаралып, сүзгіден өтуде. 9 ақпаннан бастап Маңғыстау облысының қызмет көрсетушілері үшін платформаға тіркелу қолжетімді, яғни ашылды. Ескеретін жайт, бағдарламаның қызмет көрсетушілері мен белсенді ваучерлері бар ата-аналарға бірінші кезекте басымдық беріледі. Сондай-ақ облыстық мәслихат отырысымен мемлекеттік спорттық тапсырысқа бөлінген қаражаттың көлемін ескере отырып, жаңа ваучерлер қаралатын болады, - деген ақпаратпен бөлісті тиісті басқарма өкілдері.
Сөз соңында айтарымыз - мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша ата-аналар балаларын тіркеу үшін: «DamuBala» порталына ЭЦҚ кілт арқылы тіркеліп, қажетті, ыңғайлы спорт секцияларына кезекке тұра алады.