Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қашаған» кен орнында мұнай төгілгені туралы дерек әлі расталған жоқ. Осы дерек расталса, жоспардан тыс тексеру жүргізу көзделіп отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін арнайы топ Каспий теңізінің қазақстандық секторына әуеден шолу жасауға аттанған.
«Кеше, 1 сәуірде «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының атқарушы директоры Галина Чернова әлеуметтік желіде ақпарат жариялады. Осыған байланысты арнайы топ оқиға орнына шолу жүргізу үшін теңізге аттанып кетті. Мұнайдың төгілгені расталса, экология департаменті NCOC компаниясына жоспардан тыс тексеру жүргізеді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Каспий теңізіне шолу жүргізуге аттанған топ құрамында экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов, Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Еркебұлан Ермеков, ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Атырау облыстық департаментінің бөлім басшысы Нұрлан Әлиев пен техник-лаборант Баубек Әлдешев бар.
Еске сала кетелік, Каспий теңізіндегі Қашаған кен орны ауданында мұнайдың төгілу фактілері бойынша мұнай өндіру орнында көзбен шолып қарау және сынама алу үшін теңізге шығуды ұйымдастырады.