Қазақстанда кең ауқымды «Киік» табиғатты қорғау акциясы басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл – киіктердің браконьерлігіне, олардың дериваттарын, сондай-ақ фаунаның басқа да түрлерін сатуға және өткізуге маманданған ұйымдысқан қылмыстық топтардың қызметін анықтау және жолын кесу жұмыстарын күшейту мақсатындағы дәстүрлі шара. Акция 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.
«Киік» акциясына «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның Жануарлар дүниесін қорғау қызметінен 224 инспектор, 68 бірлік жол талғамайтын автомашиналар , 37 бірлік КУНГ, 23 бірлік қарда жүргіш, 2 бірлік «Берлога» вагоншалары (ОӨФ, БӨФ) жұмылдырылады. «Охотзоопром ӨБ» РМҚК бас директорының тапсырмасына сәйкес, Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Жануарлар дүиесін есептеу және мониторинг бөлімдерінен инспекторлар тартылады.
Бұдан басқа әрбір өңірлік филиалда облыстық аумақтық инспекциялар мен ІІМ өкілдері қатарынан (2020 жылғы 01-31 желтоқсан аралығында) бірлескен мобильдік топтар жұмыс істейді. Сондай-ақ пандемия кезеңінде әкімдіктің келісімімен белгіленген карантиндік блок бекеттерінде «Киік» кең ауқымды акциясы бойынша бірлескен іс-шаралар жүргізілмек.
«Киік» акциясы Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында өткізіледі.
2019 жылы киіктерді заңсыз атудың 47 браконьерлік фактісі анықталып, 641 ұша мен 284 киіктің мүйізі тәркіленді. 203 әкімшілік хаттама толтырылып, қылмыстық жазаға 43 заң бұзушы тартылды. Табиғат ресурстарына келтірілген шығын 3,3 млрд теңгені құрады.
Айта кетейік, 2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда браконьерлікке қарсы жаза едәуір күшейтілген. Браконьерлікпен, заңсыз аң аулаушылықпен күрес ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады.