«Nur Otan» әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында праймериз өткізу мәселесі бойынша арнайы жедел желінің іске қосылатынын жариялады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нақтырақ айтқанда үміткерлер 8 800 080 44 41 тегін нөміріне хабарласып, партияішілік іріктеуге қатысу үшін өтінімді қалай беретінін, онлайн-оқуға қатысу мүмкіндігі және праймеризге қатысты өздерін толғандырған басқа да сұрақтарға жауап алады.
«Онлайн-консультацияны komek@nurotan.kz электронды поштасы, 8 700 800 44 41 WhatsApp-нөмері, сондай-ақ Facebook (Халыққа Көмек) және Instargam (halykkakomek) желілері арқылы да алуға болады», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, өткен аптада «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойған болатын.
Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек атап көрсеткендей, праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау. Партия сайтында жарияланған партияішілік іріктеу өткізу ережесіне сәйкес, праймериз өткізу арқылы «Мықты лидерлер - Мықты партия» қағидаты бойынша шынайы және мықты көшбасшыларды партия қатарына тарту, белсенді және бастамашыл азаматтар үшін «әлеуметтік лифт» құру, елді дамыту мәселелерін талқылауға көпшілікті жұмылдыру, аймақтардағы жүйелі жұмыс үшін өзекті мәселелерді анықтау, сондай-ақ, кандидаттардың жеке жауапкершілігін арттыру көзделеді.
Өз кезегінде Саяси менеджмент мектебі праймеризге қатысушыларға арналған «Праймериз. Жария саясат. Депутаттың бейнесі қандай болуы керек?» деп аталатын оқу бағдарламасының басталатынын жариялады.
Семинарларда белгілі саясаттанушылар, мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, психологтар спикер ретінде сөз сөйлейді. Олардың ішінде Ермұхамет Ертісбаев, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Андрей Чеботарев, Саясат Нұрбек және басқалар бар.
Оқыту бағдарламасы онлайн режимде өтетін төрт модульден тұратыны айтылды.
Олар: партияішілік іріктеу-праймеризін іске асыру механизмі, праймеризді өткізудің халықаралық тәжірибесі, депутаттың биліктегі рөлі мен орны, депутаттың бейнесі, имидж және мінез-құлықтың тиімді үлгісін қалыптастыру, саяси шешендік.