ҚР Ұлттық кітапханасында Халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің төрағасы болған Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай библиографиялық көрсеткіш пен энцоклопедияның тұсауы кесілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Жиын барысында филология ғылымдарының докторы, профессор «Арыс» баспасының директоры, энциклопедия авторы Ғарифолла Әнес өз пікірін білдірді. «Алдымен бүгін тұсауы кесіліп жатқан библиография жайлы айтуымыз керек. Бұл Ұлттық кітапхана библиографиясында дайындалды. Ең алғаш энциклопедия үш том болып жарық көрді. Халықтың сұранысының көптігіне байланысты кітап тез тарап кетті. Бірінші томы Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арналды. Бұл томға 13 әңгімесі, 10 повесі, 3 романы, «Абылайхан пьесасы», 660 мақаласы кірген болатын. Екінші томы жазушының өмірі мен ортасына арналған. Бұл томда Әбіш ағаның дүниеге келгеннен о дүниеге аттанғанға дейінгі барлық өміріндегі күн-күнімен, ай – айымен барлық шығарған еңбектері, айтылған пікірлер, сапарлар барлығы жазылады. Біздің пайымдауымызша, бұл екінші том Қазақстанның 1950 – 1960 жылдық мәдени өмірін қамтиды. Энциклопедияның аты Әбіш Кекілбаев болғанымен, энциклопедия 1950 – 1960 жылдардағы совет заманын суреттейді. Музыка өнерінде Шәмші Қалдаяқовтың музыка өнеріне үлес қосуы, Қыз Жібек фильмінің түсірілуі, қажет болса Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты саясаткердің шығуы - бұл 1960 жылдағы оқиғалар. Әбіш Кекілбаев осы 1960 жылдың басы-қасында болды. Тек қана жазушы емес, қазақ руханиятын да жылт еткен жаңалықтың бәріне өзінің сыни көзқарасын айтып отырған. Энциклопедияның 3-томында қаламгердің нақыл сөздері топтастырылған», - деді Ғарифолла Әнес. Мамандардың айтуынша, болашақта кітап тек қазақ емес, басқа тілдерде де жарық көреді. Әбіш Кекілбаевтың өмірден озғанына екі жыл болса да Қазақстанның түкпір түкпірінде жазушының 80 жылдығына байланысты «Әбіш Кекілбаев әлемі» аясында түрлі шаралар аталып өтіп жатыр. Айтулы датаға байланысты Алматы қаласында Әбіш Кекілбаевқа арнап көше аты берілді. Өзінің туған жері Маңғыстау облысында музей ашылып, ескерткіш қойылды.