РЕДАКЦИЯДАН: Биыл еліміз үшін, әсіресе, маңғыстаулықтар үшін мерейлі жыл. Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы республика көлемінде тойланбақ. Сондай-ақ Әбекеңнің ізін басқан қаламгер інілері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, «Қазақстанның үздік өлкетанушысы» атағының иегерлері Отыншы Көшбайұлы, Әбілқайыр Спан, Ырза Оңғарбай 70 жасқа шығып отыр. Ақын-жазушылардың мерейтойлары қарсаңында редакция қоржынындағы олардың шығармаларын, сұхбаттарын қайта жариялауды жөн көрдік. – Алты асудан асқан ғұмырыңызда өзіңіз жазған «Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстаудың» маң даласын шарлап, зерттеп-зерделеумен келесіз. Жүрген жерлеріңізде ақсақал-қарасақалдардан, көп жасамаса да көпті көрген кісілерден мол мағлұматтар жинап жүрсіз. Енді соны саралап, біздерге де өз аузыңыздан әңгімелеп берсеңіз. Алғашқы сұрағымыздың ауқымы кең. Біз осы күнге дейін Маңғыстауды қаншалықты танып-білдік? Әлі де ашылмай жатқан сырлар қандай? Өлкетанушы ретінде сіз не дейсіз? – Маңғыстау тарихы – айтары мол терең тарих екені кім-кімге де белгілі. Шежіреге, сырға толы, сонау ықылым замандардан бері желісі үзілмей келе жатқан тарихқа толы ғұлама дала. Бұл өлкеде бір кездері жүрегі дауалап сапар шеккен дүниеге тойымсыз саудагердің де, сойылын тақымына қысқан қызылкөз басқыншылардың да іздері қалыпты. Тарих қатпарларында қалған сол бір кезеңдердің ел басынан өткен оқиғалары туралы кейінгі ұрпақтарға сұңғыла ойлы қариялар ғана жеткізумен болды. Бұл өлкеден, бұл топырақтан кімдер жаратылмады дейсің?! Анда барсаң – аузымен құс тістеген шешен, мында келсең – бармағынан күй төгілген домбырашы, далаға шықсаң – әрбір төбе, тасына дейін төгілген шежіре, сызылта боздаған түйе, күлдір-күлдір кісінеген жылқы, жағаға соғып күрсіне қайтқан толқын, көк жүзіндегі шағала үні, құбыладан соққан желге қосылып мұңды әуенге салған жусан... бәрі-бәрі бұл өлкені жырға қосып, күй болып төгіліпті. Көптеген адамдар маған: «Сен Маңғыстауды көп аралап жүрсің ғой, соның бәрін білетін шығарсың?» – деген сұрақтарын қойып жатады. Бірақ, әзір, Маңғыстау жерін қанша араласам да, күні бүгінге дейін оны танып-білдім деп толық айта алмаймын. Өйткені Маңғыстау жері ұлан-байтақ, оның әр түкпірі, әр төбесі, әр әңгімесінің өзі жатқан тарих. Оны зерттеу үшін әлі де ізденіп, тынымсыз еңбек ету қажет. Сонымен қатар зерттеушілерге деген оң көзқарас, тиісті қамқорлық жасау керек. Өлке тарихы өзінің бастауын сонау ықылым замандардан алады. Жазба деректердің біздің қолымызда аз екені де белгілі. Ел басына төнген әртүрлі қиын кезеңдерде қазақтың басқа жерлерінен гөрі біздің Маңғыстау жұртының басына түскен қасіретті кезеңдер өте көп болды. Осыған байланысты шығар, Маңғыстау өлкесі бірде Орынборға қараса, бірде теңіздің арғы бетіндегі Тбилисиге бағынышты болса, келесіде Ашхабадқа тәуелді болды. Өлкемізге байланысты жазба деректерінің көбі жан-жақта бытыраңқы күйінде жатыр. Әрине, олардың бәрін жинақтап, бәрін жүйелеу бір жылдың, болмаса он жылдың жұмысы емес. Бұл өте көп ізденуді, әр жердің мұрағаттарында сарғайған құжаттарды тапжылмай отырып, сарыла зерттеуді қажет ететін нәрсе. Екіншіден, өзің айтқандай, жүрген жерлерімізде осыны біледі-ау деген ауыл ақсақалдарымен, ақсақал болмаса да, ақсақалдың соңын қуып келе жатқан, әңгіменің маңызын, тұшымын айтатын азаматтарға жолығатынымыз бар. Суыртпақ тартқандай боп білгенін сұрап, қағаз бетіне түсіруге ұмтыламыз. Сондықтан, әңгіменің тоқ етерін айтқанда, Маңғыстау тарихы шегі жоқ, шеті жоқ, әлі күнге дейін ізденуді қажет ететін нәрсе. – Қазақ – сөз өнеріне бейім халық. Содан да ел ішінде ғылым да, дін де, мәдениет те әдебиет өлшеміне салынып, көркемсөз ретінде кеңінен таралып келген. Сіздің тарихи танымдық еңбектеріңізді әңгіме арқылы баяндауыңыз да осыған мысал десем қателеспеспін. Өйткені алғашқы кітабыңыздағы әңгімелеріңізден-ақ тарихшы қолтаңбасы көрініп тұрады... – Менің өмірге келген жерім Шопан Атаның қасындағы Қызылсу дейтін жер. Алғаш қолыма қалам ұстаған жерім – үш сыныптың оқушылары бір бөлмеде отырып оқитын шағын мектеп еді. Артынан сол мектептің қысқарып, жабылып қалуына байланысты, 1957 жылдан бастап Жыңғылды ауылына келдім. Ал енді Жыңғылды ауылы Маңғыстауға белгілі айтулы тұлғалардың туған жері. Атақты Тай сыбызғышының, композитор Есір Айшуақұлының, атақты Құлыш бидің, Әлкей Марғұланша айтсақ, «Алқалы топта төбе бидей дес бермейтін, суырма таңдай, қаусырма жақ, тірі кітап, Маңғыстаудың энциклопедиясы» атанған Алшын Меңдалиевтің, бүкіл Қазақстан, Орта Азияға белгілі дәулескер күйші Шамғұл Ыбырайымұлының, ақын, сәулеткер Елбай Қосымбайұлының, шежіреші Тоқабай Алхамның, күні кеше өмірден өткен өлкетанушы, өнер зерттеушісі марқұм Ізбасар Шыртанұлының, өлкемізге әйгілі әнші Күріш Тасболатовтың, техника ғылымдарының докторы, академик Оңайбек Әбділовтің, математика оқулығының авторы Қуантқан Ванов, не керек, Қаратаудың бойында бұйыға орналасқан кішкентай ауылда осындай-осындай мықты тұлғалар өмірге келген, түлеп шықан. Енді адамның бір нәрсеге бейімделуін біреулер ананың әсерінен, мынаның ықпалынан дегенді айтып жатады ғой. Менің де қалам ұстап, қағаз шимайлауыма осы қасиетті топырақтың да ықпалы тиген шығар. Өйткені мен Алшынды, Шамғұлды көзім көрді. Ауылда анда-санда болып жататын той-томалақта жаңағы ақсақалдар әңгімесін айтатын, Шамғұлдар күй тартардан бұрын оның қысқаша тарихына тоқталатын. Сол уақыттарда отыра қалып Алшынның әңгімесін, болмаса Шамғұлдың күйін тыңдадым деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Олардан гөрі шашу шашайын деп дорбасына қол салған кемпірлердің алдынан көп жүгірген шығармыз. Бірде тыңдап, бірде тыңдамаған шығармыз, бірақ бала кезімде қариялардан естіген әңгімелерім әлі де құлағымда сақталып қалыпты. Осы да әсер еткен шығар. Содан кейін қозы-лақ бағуға шыққанымызда әлгі шежіреші Тоқабай Алхам деген кісі анадай жерде отырып алып: «Әй, Көшбайдың баласы, бері кел!» – деп шақырып алатын. Жетіп барам, ақсақал көйлегін түре бастайды, әлі ұмытпаймын, арқасында екі-үш қалы болатын. «Арқамды қасы!» – дейді. Арқасын қасып отырғанымда маған ақсақал көп әңгіме айтатын. Ал менің есіл-дертім ойын болып, «Осы Алхамнан қашан құтыламын?» – деп отыратын ем. Осы күні ойласам, мен әкеден ерте қалдым ғой, марқұм сұңғыла қария «жетім бала, өмірден көрген қамқорлығы да шамалы. Бірі болмаса бірі құлағында қалсын» дейтін болар, осындай әңгімелерді көп айтатын. Қосбай, Сисен, Базархан атты ұстаздарымның ықпалы шығар, не керек, Жыңғылды ауылы менің әдебиетке, тарихқа бет бұруыма негіз болды деп есептеймін. – Маңғыстау ғашықтары десек, бірден Қайып пен Ақбөбекті атаймыз. Ал Ақшора мен Белтұран, Қаработа-Дөңғара, Асалы-Көкетай, Құрымсы-Кежектер неге көп айтыла бермейді? Сіз осы тақырыпқа барған бірден-бір автор ретінде жауапкершілік жүгін жақсы сезінетін шығарсыз? Бұл орайда тағы да ойда жүрген қандай да бір мұраттарыңыз бар ма? – Осыдан бес-алты жыл бұрын «ҚазМұнайГаздың» ұйымдастырған экспедициясына қатыстым. Оның құрамында белгілі өнер зерттеушісі Мұрат Әуезов болды. Екеуміз бес-алты күн бірге жүріп, қатар отырып үзеңгі жолдас болдық. Қолымнан келгенінше, білгенімше, Маңғыстаудың тарихын айттым. Бір әңгімеде Мұрат: «Сүйгеніне қосыла алмай, арманда кеткен ғашықтар қазақтың қай жерінде де бар. Бірақ, сенің айтуыңа қарағанда, осы Маңғыстауда өте көп екен (мен мына Үстірттің үстіндегі Қаработа-Дөңғараның, сосын Ақшора мен Белтұранның ескерткіштерін көрсетіп, басқалары туралы да айтқаным бар еді). Осылар – қолға алатындай, ойланатындай нәрсе екен. Соны өзің бастасаң қайтеді?» – деген еді. Менің негізгі мақсатым әлгі жастардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі, тағдыр талқысына тайсалмай қарсы тұра білген ерлігі, көшпенді халықтардың, соның ішінде Адай қыздарына тән өрлік, батырлық қасиеттерін көрсету болатын. Өзінің махаббатын қорғап қалу үшін, өзінің дегеніне жету үшін қатыгез заманның озбырлығына қарсы келу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Бұл жерде де бойға біткен өрлік, қанға сіңген қасиеттердің болғаны шындық. Осы мақсатпен сол тақырыпты қолға алып едік. Әрине, ол аңыздар жетегінде жазылды. Сондықтан кейбір аңыздардың адастырып кетуі де ықтимал. Алайда қалың оқырманның көңілінен шықты деп ойлаймын. Өйткені тек Маңғыстау жұрты ғана емес, бұл кітап қолдарына тиген оқырмандардың ішінде Атырау, Қарағанды жақтардан да әртүрлі пікірлерін білдіріп, рахметін айтып жататындар бар. Бірақ бұл тақырып мұнымен аяқталған жоқ. Маңғыстау ғашықтарына байланысты толғандырып жүрген тағы да ойларым бар. Құдай денсаулық берсе, ол кітапты қайтадан толықтырып, көпшілік назарына ұсыну алдағы күндердің кезегінде тұрған нәрсе. – «Сыбызғы сыңсып жылайды, Тегінің қамыс екенін айтып. Түбірі қалған қамысты көлде Түйіні қалған мекенін айтып. Ер менен әйел жылайды, Еліме қайтып оралмаймын-ау деп. Сыбызғы сыңсып жылайды, Қайтадан қамыс бола алмаймын-ау деп...» Ирандық Мауляви шайырдың осы өлеңінен басталатын «Сыбызғы сыңсып жылайды» атты кітабыңызды алғаш газетте жарияланған кезде-ақ ерекше тебіреніспен оқыдық. Бейнебір, сондағы әңгімелерді алыстағы ағайынның өз аузынан тыңдағандай әсерде болдық. Содан кейін қызылбас еліндегі ағайындармен арадағы байланыс қалай өрбіді? Қазір елдің назары, пікірі қалай? – Иран қазақтарының тағдыры – Маңғыстау тарихының қаралы беттерінің бірі десе де болады. Өзің ойлап қарашы, сонау бір аумалы-төкпелі заманда Маңғыстаудан кетіп қоймай, түрікмен жеріне көшіп барып, одан да қудалауға ұшырағаннан кейін ары қарай асып, діні бір болғанымен тілі басқа, ділі басқа, біз түсінбейтін жат жерліктердің ортасына барып өмір сүру үшін үлкен бір батырлық керек сияқты. Маңғыстау қазақтары дәл осындай қиындықтарды басынан өткізіп, сол жерге барды. Ираннан келген ағайындармен әңгімелесіп жүргенде олардың тағдыры мені қатты толғандыратын. Облысымызға Қырымбек Елеуұлы әкім болып келгеннен кейін сол кісінің қолдап, ұйымдастыруымен Иран жеріне біз екі рет барып келдік. Онда белгілі геолог, үлкен діни қайраткер Оразмағамбет ахун туралы, солардың ортасынан шыққан басқа да қазақтың белгілі тұлғалары туралы деректер жинадық. Бастарынан өткергендерін шамамыз келгенше қағаз бетіне түсіріп отырдық. Олардың алды – 1930 жылдары кеткендер. Содан кешегі 1995 жылға дейін, туған жерін үнемі сағынышпен еске алып, туған жерінің бір уыс топырағын тұмар қылып байлап, зарығып жүрген адамдардың Маңғыстау топырағына оралуы үлкен бақыт. Сондағы Жарылғасын Тоқабай дейтін ақсақалдың былай деп айтқаны бар-ды: «Бала кезімде руы Ақбота Жұмабай деген көршім болды. Жаратылысы солай ма, әлде жат жерге үйрене алмады ма, әйтеуір екі сөзінің бірі Маңғыстау болып көзіне үнемі жас алып отыратын. Өркеші баладай қара інгені болатын. Түйе жершіл жануар ғой. Қашып кетеді деп тұсаулап бағатын. Бір күні үйіне барсам жаңағы шал көзіне жас алып, жылап отыр екен. «Не болды?» дегенімде, «Басқасы ештеңе емес-ау мына түйенің обалына қалдым. Жарықтық, екі рет бұйдасын, тұсауын үзіп, Маңғыстауға кеткісі келіп сол жаққа қарап үнемі боздаумен болып еді. Мен пендешілікпен оны жібермедім. Әттеген-ай, баяғыда бұйдасын түріп қоя беруім керек еді. Түрікменнің айқайын естіп, қызылбастың орынсыз көтерген қамшысына арқасын төсейтін өзім сияқты көрдім-ау мұны. Тұмсығын терістікке төсеп зарлаумен болды. Біз байғұс түйе ғұрлы да бола алмадық-ау», – деп жылағаны есімде. Қой бағып жүрген уақытта да ол малын терістікке қарай жаятын. Сонда қасына еріп: «Жәке, ол бетте жайылым шамалы ғой, басқа жаққа қарай жаймайсың ба?» – дегенімде: «Білесің бе, айналайын, сонау арқа беттен Маңғыстаудың желі соғады, сен сол жерге барып отыра ғой, Алла-ай, бір өтірігі жоқ, жусанның иісі келеді мұрныңа», – деп отыратын еді. Сол сияқты, олардың бойындағы туған жерге деген сағыныш, туған жерге деген әке-шешенің орындалмай кеткен арманы, осылардың бәрі жүрегінде қабысып, ең соңында туған жеріне оралуға әкелді. Мен олардың қай-қайсының бойларынан да осы туған жерге деген ерекше сезімді көремін. Мысалы, Нияз Тобыш ініміз оқытушы болып жасады. Онда табатын табысы қазіргі мында тауып жүрген табысынан жоғары. Бірақ баяғы атасының айтқан аманаты бойынша туған жерге оралды. Туған жерге деген сағынышын, ата-ана аманатын арқалап, атажұртымен қауышқан қазақтар туралы жазылған еңбек бұл. Әрине, оған ризашылық білдіріп, рахметін айтып жатқандар да баршылық. Соның ішінде «Ақбөбектің соңғы әні» деген бір көлемді әңгімем бар еді. Сол артынша Горган қаласында парсы тілінде жарық көрді. Бұл да тоқтап қалмайтын дүние. Өйткені ирандық қазақтардың ортасында жазуға тұрарлық дүниелер көп деп есептеймін. – Одан кейінгі сапарыңыз Хожелі мен Хиуаға жалғасты ғой? – Ия. Қазіргі қарақалпақ жерінде де тұрақтап қалып, сол жерде жапырақ жайған біздің қандастарымыз көп. Солардың ішінде де Маңғыстаудан шыққан белгілі адамдар баршылық. Және кешегі Кеңес уақытында бір-бірімізбен жақын араласып жүрген сондағы ғалымдармен пікірлесу де өзімнің ойымда болған. Кеңес үкіметіне белгілі атақты археолог Вадим Николаевич Ягодин дейтін кісі бар, қазір қартайған. Сол біздің Үстірттің үстімен Көгесем бағытында көп зерттеу жұмыстарын жүргізген. Соған байланысты жұмыстар бойынша кездестік. Екіншіден, Хиуадағы Шерғазы хан медресесінде біздің Бекет Атамыздың оқығаны белгілі. Ата туралы аз да болса, тың мәліметтер жинала қоя ма деген оймен барған едік. Әлі де іздене түссек Ата туралы тың деректер табылуы мүмкін. – Алдыңғы жылы сіз туралы арнайы сюжет дайындап жүргенімізде «Маңғыстаудағы аңшылық дәстүр» туралы жазып жүрмін деген едіңіз... – Аңшылық – кәсіп қана емес, үлкен өнер. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан Маңғыстау тұрғындары тек малдың ізіне түсіп ғұмыр кешпеген. Әсіресе, мал шаруашылығына зиян келтіретін қасқыр аулау аңшылардың негізгі міндеті болды. Өлке жеріне белгілі Бабық Нұр, Тастығараев Мұқан сияқты айтулы аңшылардың өнерін жалғастырып, дамытып отырушылар көптеп саналады. Солардың бірі Алдаберді Ақшабаев. Біраз уақыт қасына ергенім бар. Аңшының аузынан қызықты әңгімелерін жазып, бұрынғы шалдардың табиғатқа деген оң көзқарастарына көзім жетті. Еңбек осы бағытта жазылды. – Жуырда толықтырылып қайта жарық көрген «Маңғыстау» энциклопедиясының жауапты редакторларының бірі өзіңіз болдыңыз. Онда өлке тарихы қаншалықты қамтылды? «Әттең-ай, ананы кіргізе алмадық-ау» дейтін олқы тұстары қалды ма? – «Әттең-айлары» бар. Бұл өзі бұрынғы «Маңғыстау» энциклопедиясын толықтыру мақсатындағы жұмыстар болатын. Оның негізгі шығарушылары – Әбілқайыр Спан екеуміз және Шарапат Әбішева қарындасымыз. Өзің білесің, энциклопедия – кең мағлұмат беретін, жан-жақты терең ғылыми еңбек. Соған байланысты әрбір сала жеке-дара толық қамтылды деп айта алмаймын. Өйткені сол саланың санаулы адамдарының жазып берген еңбектерін ғана кіргіздік. «Әттең-айы» сол, уақыт тығыздығына байланысты онда кейбір Маңғыстауға белгілі адамдардың енбей қалған жағдайы да бар. Егер мұны асықпай, кең көлемде жазса жақсы болып шығар еді деп ойлаймын. Бірақ еңбек жазылды. Шама-шарқымыз келгенше Маңғыстаудың өткені мен бүгіні, тұлғалары туралы жан-жақты мағлұматтар жинадық. Көңілі бітпей жүргендер де бар. Жалпы барлық адамның бірдей көңілін табу да мүмкін емес. Ең бастысы, еңбек жазылды, толықтырылды, халықтың қажеттілігіне байланысты таратылды. – Әлбетте, аға, елдің рухани игілігі үшін атқарылған іс пен жұмсалған күштен ізгі нәрсе жоқ. Осы жолдағы еңбектеріңіз жемісті болсын! – Сау бол!
Сұхбаттасқан Бақтыбай ЖАЙЛАУ