3 шілде күні аудандық мәдениет үйінде Астана күні мерекесіне орай ұйымдастырылған аудандық «Елім менің» атты жас ақындар мүшайрасы өткізілді. Байқауға ұшқыр қаламынан жырдың сұлу тамшылары төгілген ақиық ақындарымыздың жолын қуып, өнер әлемінде қалықтағысы келетін, келешегінен үміт күттіретін мектеп қабырғасында білім алып жүрген талантты жазба ақындар шоғыры қатысты. Жыр додасы сайысында байқағанымыздай киелі Қарақия топырағында ертеңгі күні қалың жұртшылыққа мәшһүр болатындай ақындар легінің төбе көрсететіндігіне куә болдық.
Қазақ поэзиясынан ойып тұрып өзіндік орнын алған А. Құнанбаев пен Ж. Жабаевтың, олардың ізін басқан М. Мақатаев, Т. Айбергенов, Ф. Оңғарсынова, А. Бақтыгерееваның, өлкемізге танымал С. Адай, С. Нұржан, Ғ. Әріп сынды ақындарымыздың салып кеткен сара жолын жалғастырғысы келетін балғын ақындар сахна төріне көтерілген кезде көрермендер дуылдата қол соқты. Жазғы сауықтыру ақшатырларында тәлім алып жүрген мектеп оқушылары көрермендер қатарын толықтырса, сайысқа бағасын беретін әділқазылар алқасының төрайымы болып аудандық мәдениет үйінің директоры Ф. Әлпіш, мүшелері есебінде ұлағатты ұстаз Г. Жолбаева, «Қарақия» газетінің тілшісі Ж. Бердімұратұлы сайланды.
Байқау өнер деген ұлы кемедегі тұсауын енді ғана кескен ағайынды жас әншілер Л. Нұртай мен Ә. Нұртай орындаған патриоттық рухтағы «Байтақ елім» әнімен ашылды. Мүшайра ережесіне сәйкес үміткерлер патриоттық тақырыптағы бір, еркін тақырыптағы бір шығармаларын орындауға тиіс болды. Алғашқы болып бағын сынаған Н. Аязбаев «Тәуелсіз елім» және «Қазақстан қандай ел» атты өлеңдерін оқып, өзінің ақындық жолға тегін келмегендігін көрсетсе, А. Қуантұрқызы оқыған «Тәуелсіз Қазақстан», «Ақын болғым келеді» атты балауса жырлардың ұйқасы әлсіз, құрылымы нашар екендігі байқалып тұрды. Келесі үміткер Б. Сансызбай ақындық жолды алып жүруімен қатар ән әлемінде де өзіндік орны бар екендігін байқатты. Өлең жолдары мен сазды әуендер қоса өрілген байқауда облыстық және аудандық айтыстардың жүлдегері Ә. Нұртай «Тәуелсіздік тұғырым» және «Сарыарқаның сұлу өлкесі» өлеңдерін оқып, көрермендерді бір серпілтіп тастады. «Киелі мекен», «Өмір» шығармаларын оқыған М. Демесіновте айтар ой болғанымен ұйқас жағының кемшін түсіп жатқан тұстары көрініп тұрды. Осындай кемшіліктерді Ү. Кеңесованың, М. Сейітованың, А. Мақсатқызының, Ә. Дәнебаеваның шығармаларынан да байқадық.
Кешті жүргізушінің «Әсем ән құрышыңды қандырады, Шалқиды сазға балқып жан құмары. Әсемгүл мен Алтынбек ән салғанда, Көрерменді еріксіз таң қылады.»- деп өрнектеген өлең шумағынан кейін сахнаға көтерілген кішкентай Алтынбектің өнеріне қол соқпаған жан қалмады.
Мүшайра заңды мәресіне жетті. Әділқазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Н. Әбілқайыр лайық деп танылып, ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған дәрежелі диплом мен қаржылай сыйлықтарға ие болды. Екінші орынға қол созған Б. Сансызбай мен үшінші орынды түйіндеген Н. Аязбаевтар да дәл осындай марапаттауларға иелік етті.
Жүлделі орындардан тыс қалған өнер додасына қатысушыларға бөлім атынан алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Жас ақындарымыздың керемет кешіне куә болған көрермендер жоғары көңіл-күйде тарқасты. Қазағымның қанына біткен өшпес мұрасын ұрпақтарға жалғастырарұландары барда Каспий теңізінің толқынындай тулаған жас ақындарымыздың арамыздан өсіп шыға беретіндігіне сеніміміз мол!
Жалғас АЙТҚҰЛОВ