9 ақпан – Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай, қазақ поэзиясының Хантәңіріне арнап маңғыстаулық ақын С.Нұржанның әр жылдары жазған бір топ өлеңдерін ұсынамыз.
Айт-Ман – Светқали Нұржан
Алматы. Торығу М.Мақатаевқа Көптен бері естімей сыңғырын жырдың, Алматыға сыя алмай шыңғырып жүрмін. Қай жаққа кеткен баяғы бұла дауысым? Төмендеген бе, биіктен құламау үшін?.. Түсінбей жүрмін тіліне сұр бет қаланың, Тас моншаның ішінде-ақ кірлеп барамын. Далама жетсем, кеудені кеулеп самалы, Жіберер еді-ау, қайтейін, емдеп сананы. Алайда жол жоқ ол жаққа! – Тұтқындамын мен, Тұтқындамын мен – бүткіл ой, бүткіл жаныммен. Шықпайды жыр да, тамырдан ақпайды қан да, Тірі өліктердің моласы жақпайды жанға... Тұрмыс-шекпенін неліктен мұқала кидім? – Басына барып қайтсам ба Мұқағалидың?! Табылар содан жанға нұр тамызатын үн, Қарғып тұрар ол, келді деп «нағыз ақыным». Қарғып тұрар ол! – Жанына бөлеген жасын – Естелік қозғар жайында Төлеген, Қасым... Сұрар ол, жырға келгенін қай бота-дарын – Әбубәкірін айтармын, Байботаларын! Айтады ол сосын, ұшырып қимай кептерін, Өзінің-дағы тірлікке сыймай кеткенін. Оқыр ол. Бақи дүниеде жаңа жазылған, Фәни ғаламды егілтер Жаназа-Жырдан. Молдас құрып ап, сөз етер өлең өмірін, Кім білсін, мынау күйімді неге жорырын?.. Ғұмыр биігі Кеңсайға – белеске шығып, Жоғалам мен де содан соң Елеске сіңіп... «Түкірдім сенің бетіңе, жұқана-күйбің!» – Дедім де, сезім көйлегін тұтана кидім. Қалдырып бәрін – тас қала, жұтаған үйдің, Кеңсайға кетем, қасына Мұқағалидың!.. Алматы, ақпан, 1982 жыл Нарынқолда Елшенбүйрек, Хантәңірі – жырлы алап, Тас төбемнен аспан таулар тұр қарап... Қасқыр-бұлттар түлкі-күнді қанжоса Көкжиекке қуып тықты мылжалап. Кетіріп тұр кеші азулы күз дегбір, Сам жамырап, ілеп еседі түзден бір. ...Найзағайдан шырпы жағып әлдегім, Тау ішінен әлденені іздеп жүр... Кім болды екен? – Бәлкім, Ақын елесі! Нені іздейді ол?.. Күбірлейді... О, несі? – Сауалыма жауабы жоқ – қаптаған Шөгіп жатыр көп түйенің келесі... Қандарына тау қасиет сіңгендер, Қыр ұлының қиялына күлмеңдер! – Алып таулар – қардан жабу жамылып, Шөгіп жатқан аруаналар, інгендер. Ерегесіп мешелдерге жер қапқан, Аласаны асқақтықпен сорлатқан Хантәңірі – келедегі кер үлек, Күркіреген үн естілді сол жақтан... Найзағайдың көзде елесі жоғалмай Әлі тұрмын – сырқатымнан оңалмай. – Осы қазір бір керемет болардай, Осы қазір бір қасиет қонардай. Мұқағали туған жердің есігін Ашып көрдім, тербеп қиял бесігін. Жерін білмей, жырын ұқтым деп кеппін, Әруағынан сұрау керек кешірім... Қорықпай-ақ аю, барыс, қорқаудан, Қашып шығып у-шу болған ортамнан – Найзағайды шақпақ қылып жақтым да, Осы жырды тауып алдым сол таудан!.. Шалгөде, 28.10.1983 Қарасазда Жағасында жылғаның бұзылған там, Ей, жолаушы, сен соған бір қарағын... Мұқағали «Жерімді көр!..» – деген соң тағы келдім, Сені көрген бір-екі кәріге ердім. Сен жайында бір дерек біле ме деп, Сәлем бердім кезіккен бәріне елдің. Құзырында Аспантау – дәрігердің Тұмасынан сімірдім – нәрін емдім. Ықыласын тәрк етпей қалың елдің, Қабылдадым қажетін жаныма емнің. «Таулар жатқан тәкаппар жан-жағында», Саумал татқам барып ап малды ауылға. Жолығысқан жолдардың тарнауында, Тоқайласқан таулардың қарнауында Бар бауырға ұсындым жыр-базарлық – Қырандардың үні бар самғауында. ...Күн де мұнда – тау деген қан-бауырға Бойлай енген ұқсайды қандауырға. Мен де ұмыттым – тәнді де жанды ауырған, Дертті сылып – жабысқан әр дауылда. Айқайтастан жел есіп, Шалгөдеден, Бозторғай-жыр ұшады әр көдеден. Көк көйлекті қайыңдар көзін сүзсе, Дәметеді ит-көңіл әлденеден. Босатпайды ауызды ән мен өлең – Кенет кеңіп кеткендей тар керегең. Мұң деген де бұл жерде – керемет мұң, Қанатындай жеп-жеңіл көбелектің. Періште емес ақ қанат, перінің де Ыңғайына келеді көне кеткің. Сені айтып ем – көк тас та елең етті, Әу баста, аға, бұл жерден неге кеттің?.. Жеткізе ме жалғанда тіріге арман! – Жөн екен ғой кәрінің тілін алған... Қандай Қызыр, қай құзыр – бұл жұмақтан Қуған сені: «Енші ал, – деп, – Ұлы Жолдан»?.. Қайда барсам, шығады жырың алдан – Шыңдар сергек, тау ояу, түрік орман – отты түртіп оятып күлі қалған, Сенің барлық жырыңды біліп алған. ...Осыншама сырласты місе тұтпай, Алматыда нең бар ед – құны қалған?! Өлмей шықпас Тозақ ол – тірі барған!.. Тауында ойнап қарт марал, құзында арқар, Жайлау – жомарт. Сай – сақи. Дүзің – дархан!.. Жәутілдеген жанары Қарасудан Көріп қалдым арманшыл жүзімді аң-таң... Енді, сірә, суынбас қызынған қан, Бара жатыр дуылдап құзырлы арқам. Мен де амалсыз аттандым Қарасаздан, Жол дыңылдап желкемде – үзілді арқан. ...Сәби шағың арманшыл – Жерленген Жер – Қала барды жағада бұзылған там... Әлдекімді жоқтайды арт жағымда – Қайың-сыбызғылары сызылған Таң... 1986 жыл «Қыршынынан қиылған...» топтамасынан