Ана денсаулығы – ұлт саулығының кепілі. Өн бойы ауру-сырқаудан ада, дені сау ана ғана балпанақтай бала табады. Шекесі торсықтай ұл-қыз - отбасы бақыты, өмір базары, сондай-ақ болашақ кепілі. Сондықтан ана мен бала денсаулығына аса назар аударып, өміріне төнген қатердің алдын алу - ақ желеңді жандарға артылған зор жауапкершілік. Десек те, бүгінде аналар арасында жүктіліктің уақытына жетпей тоқтауы, іштегі баланың өлі туылуы белең алуда. Бұл дерттің себебі мен салдары жайлы облыстық перинаталдық орталық директоры Жамал Жаманбаева былай дейді.
«Мұндай мәселе дүниежүзі елдерінде кездеседі. Алдыңғы қатарлы елдерде бұның көрсеткіші ғана төмен. Ал дамушы елдерде баланы өлі туу деңгейі жоғары. Мәселен, Финляндия, Австрия елдеріне 1 не 2 промилле, елімізде 9, ал Маңғыстауда 10 промилле. «Үшінші әлем» елдерінде бұл көсеткіш 40 промиллеге дейін барады. Нәрестенің іштен шетінеуі екі түрге бөлінеді: антанатальды және интронаталды. Антанатальды өлім толғаққа дейінгі, ал интротнатальды толғақ кезіндегі әртүрлі себеппен нәрестенің өлуі саналады. Баланың іштен өлі туылу себебін тек 10 пайыз жағдайда ғана анықтау мүмкін емес. Ал негізгі себептері үш түрге бөлінеді. Шарана өліміне бірінші ана, екінші бала жолдасы, үшініші ұрықтың өзі себепкер болады. Ана денсаулығы - бала саулығының кепілі. Жыныстық жолмен таралатын жұқпалы аурулар, түрлі зиянды инфекциялар ұрыққа кері әсер етіп, нәрестенің жүрек соғысы тоқтауына әкеліп соқтырады. Бойға біткен баланың жолдасынан ерте айырылып кетуі салдарынан қан кетіп, соңы қайғылы жағдайға душар қылады. Бұл жағдайда алда жатқан жолдасы бірінші шығып, ана мен бала арасындағы байланыс үзіледі. Сонымен қатар, қан қысымы жоғары нәзік жандылар сәбилері үшін іштен шетінеу қауіпі басым. Мәселен созылмалы қан қысымының жоғарылауы мен жүктілік кезіндегі қан қысымының жоғарылауы іштегі балаға өте зор әсер етеді. Преэклампсия кезінде денеде ісік пайда болып, ана зәрінде ақуыз пайда болады. Ауру асқынған жайдайда эклампсияға ұласады. Болашақ ана есінен танып, тұла бойы құрысады, ауыр халге душар болады. Бала түгілі, өзінің өмірі қыл үстіне тұрады. Көп әйелдер аурулардың салдарын түсінбейді. Емделуден бас тартады. Қан диабеті, жүрек қан тамырлары аурулары бала өліміне себепкер болуы мүмкін. Шетелдік ғалымдар нәрестенің өлі туылуы себебін көбінесе бала жолдасының саулығы, қалыпты жағдайымен байланыстырады. Ұрық жолдасының ақаулары бала мен ана өміріне қатер төндіреді. Ұрықтың өсуі 10 пайыздан бастап азайып бастаса, шетінеуге себеп болады. Толғақтың кезінде баланың өлуі өңір бойынша өте аз кездеседі. Бұндай жағдай жас үлкендерде жиі туындайды. Баланың өлі туылуына оқыс іс-қимылдар, күш түсіру, зиянды газдар мен жағымсыз иістер себеп болуы мүмкін. Облыс бойынша, 2015 жылы нәрестенің өлі туылуы 10,7 промилле көрсеткішті құрады. 2016 жылғы деректер енді жасақталады», - дейді Ж.Жаманбаева статистикалық деректерді саралап.
Баланың іштен шетінеуі - ана үшін өте ауыр қайғы. Осы орайда, бірнеше мәселеге тоқталып өтсем деймін. Өмірге ұрпақ әкелу – табиғи заңдылық. Нәзік жанды әйел баласына Алланың берген сыйы. Десек те бұл үрдіс ана денсаулығына аса қауіпті. Сондықтан тоғыз ай тоғыз күн бойы өз денсаулығына аса мән беріп, дәрігер кеңесіне құлақ түрген жөн. Бұл орайда учаскелік гинеколог-дәрігерлердің білімі мен білігі өзіндік рөлін ойнайды. Олар баланың дұрыс жетілуін, он екі мүшесі, аяқ-қолы сау болуын қадағалайды. Қандай да бір ақаулардың алдын алып, болашақ аналарға бағдар нұсқап, ақыл-кеңестерімен бөліседі. Жай-күйі мен хәл-ахуалына, қан қысым, жүрек соғысы мен бүткіл ағзаның саулығына бақылау жасауы тиіс. Ал айы-күні толған аналар арнайы күтімге зәру. Босанар шақта бойын үрей билеп, беймаза күй кешіп, ойы сан саққа жүгіреді. Қазақ бұл кезді «бір аяғы төрде, бір аяғы көрде» дейді. Нәрестені аман-есен жарық дүниеге әкелу үшін бойдағы бар күш-жігерін жұмсап, небір қиындыққа төзеді. Ал жетілмей қалған жүктілік не антанатальды бала өлімі ана психикасына зор әсер етеді. Осы сәтте болашақ ана хал-ахуалын адами тұрғыдан түсініп, көңіліне демеу болар жылы сөзін қимай, білім-білігін бұлдап, кәсіби лауазымын дәреже көретін «ақ халатты жандар» жетерлік. Лауазымы бір саты жоғары дәрігер не «шенді-шекпенділер» алдында ғана құрдай жорғалап, «мадақ пен мақтауға лайықты» қызметін дәлелдеп әлек. Ал науқастардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, көмек қолын созуға қиынсынады.
Маңғыстау облыстық перинаталдық орталық көптеген әйелдің бойына үрей ұялатады. Себебі ат-үсті жасалған отадан жапа шегіп, дәлелсіз-дәйексіз диагноз нәтижесінде ауруын асқындырып алған аналарды жиі кездестіреміз. Тәжірибесі таяз, білімі мардымсыз «мамандар» қаншама жанның наласына қалғанын түсінер ме екен?! Көзіммен көріп, өзім куә болған бір жайтты баяндасам.
Дәрігер кеңесімен күндізгі стационар бөліміне бағытталдым. Ұзын-сонар кезек, қалыпты «дау-дамай», «күбір-сыбырдан» соң дәрігер бөлмесіне кіру «бақыты бұйырды». Есікке енді беттей бергенде, ашуға булыққан ашаң жүзді, аққұба келіншек алдымды орап, кабинетке еніп кетті. Кезек менікі. Мән-жайды түсіну үшін мен де соңынан іле кірдім. Сондағы естігенім дертіме дәрмен іздеп келген менің үмітімді өртеп, күлін көкке ұшырды. Жүктілігі күніне жетпей үзілген жас келіншектің жатыр қуысын қырып тазалаған көрінеді. Ота барысында медициналық тампон жатыр ішінде қалып кеткен. Иә, кәдімгі тампон! Дәрігер мен медбикелердің жауапсыздығы мен өз қызметіне деген селқостығы нәтижесінде төрт күннен кейін ақылы УДЗ барысында анықталған. Жатыр қуысындағы жат нәрсе кері әсер етіп, ісіп-қызарып, соңы күрделі ауруға әкеп соқтырған көрінеді. Әрине, маған да жаныма дәру табар деген «дәрігер» емі қонбады. Қайта дертіме дерт үстеп, ақылы аурухана есігін тоздырдым.
Жүктіліктің мерзіміне жетпей тоқтауы, түсік тастау, түрлі жатыр аурулары әйел адамның басына берілген бейнет. Осы орайда нәзік жанды дәрігерлер әйел-аналарға зор түсіністікпен және жанашырлықпен қарауы тиіс деген ой келеді. Дегенмен бүгінде «ақ халатты абзал жандарымыз» ізгі адамгершілік, кәсіби этика қағидаттарынан жұрдай десек, өтірік емес. Облыстық перинаталдық орталықтағы акушер-гинеколог мамандар жайлы ел арасындағы әңгімелерді естігенде жағамызды ұстаймыз. Артық сауал қойсаң, қабағын түйіп, астамси қарап, жақтырмайтындар бар. Бір танысым осындай жағдайдың үстінен түскен көрінеді. Жедел медициналық көмекке зәру келіншекке дүрсе қойған дәрігер оның есінен танып, тұла бойының тітіркеніп, діріледеуіне себепкер болған екен. Өз басым жарымжан көңіл сырқаттың назарын аулап, тиісті ем-дом жасаудың орнына науқастың көңіліне кірбің, жүрегіне қаяу түсірер адамды «ақ халатты абзал жан» деуге аузым бармайды.
Қорыта айтқанда, ана мен бала денсаулығына жауапты жандардан өз қызметін адал атқарып, атына заты сай боп, әрдайым адамгершілік. имандылық қағидатынан айнымай, әділ, еңбекқор қалыптан ауытқымауын сұраймыз!
Голрох Жеменей