©
Медицина саласы күннен күнге жаңарып, қарыштап дамыған, технологиялар түрленіп, өміріміз едәуір жақсы сияқтанған заманда өмір сүрсек те, денсаулығымыз төмендеп барады. Бұрын тек жасы келген қариялар тап болып, олардың мына дүниеден аттануына себеп болатын аурулар бүгінде жап-жас қыз-жігіттерде кездесіп жатыр. Қайсы дерт болмасын көз ілеспес шапшаңдықпен жасарып барады. Неге?..
Бұрын халқымыз «ұят болады» деп, айтқызбай қоятын жаман сөздер мен тыйым салған бейәдеп қылықтар күн сайын алдымыздан шығып, бойымыз үйреніп бара жатқандай. Неге?..
Мені ғана емес, бүкіл адамзатты толғандырған бұл сауалдарға «оның себебі—мынау» деп, бере қоятын дайын жауап та жоқ. Өйткені, оның себебі сан алуан.
Халқымыздың «ауру—астан» дегеніне сүйенсек, ішкен сусынымыз бен жеген асымыз дұрыс, яғни, табиғи болмаса, оның да қазіргідей күрделі проблемалар тудыруға септігі көп көрінеді. Кезінде жеміс-жидектердің зиянкестер зиян тигізе алмайтын жаңа сұрыптары өсіріліп жатса, ондай жетістіктерге шын қуандық. Химиялық қоспаларды айтпағанда, жануарлар мен жәндіктердің белсенді гені енгізілген тамақ өнімдерінің бұзылмастан және жәндіктер тиместен, сол күйі ұзақ сақталатындығы біз үшін тиімді көрінді. Мысалы, құрт жемейтін алманы жұрт жейтін болды. Денсаулыққа күллі зиян келтіретін азық-түліктерден санасы жоқ жәндіктер қашқанда, саналымыз деген біздер соларды қорек қылудамыз. Және мұндай тамақтар арқылы ағзаға енген жәндіктер генінің адамның психикасына да әсер ететіндігіне көңіл бөлгіміз келмейді. Мысалы, кейбір (барлығы емес) тауық фермаларында өлген тауық етінің қалдықтары ұсақталып, жемге араластырылып, тірі тауықтарға беріледі. Жемді үнемдеу үшін. Сосын, өзінің бауырлары мен әке-шешесінің етін жеген тауықты біз жегесін, қайдан оңайық?.. Шошқа жеген кісіде ұяттың азаятыны сияқты, әлгіндей жануар мен жәндік гені қосылған өсімдік жегендер сол жегеніне ұқсап, әкені «әке», шешені «шеше» деуден, бауырын сыйлаудан қалып бара жатқан жоқ па? Тамағын таңдап, баптап ішкен біздің ата-бабамыз мұндайға жол беріп пе еді? Өлексені адам түгілі басқа малына да жегізбеді ғой. Жейтінін адалдап, қанын ағызып, бауыздамап па еді? Қазіргідей, ненің еті екені белгісіз, қалай сойылғаны да беймәлім етті кез-келген жерден сатып алып жемеген еді атамыз.
Тағам өндірушілерге сенгендіктен бе, бәлкім, ақпараттың жеткіліксіздігінен болар, кеңес заманынан бері қарай көпшілік ішіп-жеп жүрген ас-суына назар аудара бермейтін-ді. Соңғы 10-15 жылдан бері ғана өз денсаулығы мен ұрпағының келешегін ойлайтындар дастарханындағы тамағы мен суына талғаммен қарайтын болды. Генетикалық модификацияланған өнімдер қосылған тауарлардан бас тартатындар көбейді. Рас, гендік өзгерген тағамдардың денсаулыққа зияндылығы ғылыми тұрғыдан түпкілікті дәледенген жоқ, бірақ оның қорғаныс қабілетін төмендететіні анықталғандығының өзі жеткілікті. Мұны түсінген өндірушілер де өнімнің табиғи түрін өндіруге бет алды. «Халал» маркалы тағам түрлері шығарыла бастады. Бұл сөздер қазаққа, жалпы, атасы мұсылман мұқым халыққа таңсық емес. Бабаларымыздың тәсіліндей, таза, табиғи жолмен өндіріліп, деннің саулығына зиян келтіретін қоспасыз май-сүт, ет өнімдері де, ұн өнімдері де көбейіп келеді. Биыл Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Халық маркасы» тұтыну белгісіне ие болған қазақстандық брендтер тақырыбында жазған журналистердің «Самғау» ұлттық байқауының өңірлік аталымдары иегерлерін марапаттау үшін өткен басқосуға қатысқанымда Ресейден келген өкілдер ресейліктердің «Халал» өнімдерге деген сұранысы артып келе жатқанын айтып қалған. Соның ішінде қазақстандық адал асқа тәбет күшті сияқты. Олар мақтады, мақтау естіген біз марқайдық. Алайда, сол адал астың әрқайсысын әр жерден іздеп, тауып алып жүргенімізді айта алмап едік.
Енді біз өзіміздің Ақтауда ұн мен макаронды бір жақтан, шұжықты тағы бір жерден жинап жүрмейтін болдық. Жақында 26-шағын аудандағы орталық мешіт аумағында адал азық-түлік сататын шағын дүкен ашылды. Жаңа сауда орнына бас сұқпас бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Халал Даму» ЖШС Маңғыстау облысы бойынша жауапты өкілі Мұрат Тәңірбергеновпен сұхбаттасқан едік.
- Адам нені жесе, соған бейімделеді. Алланың үкімін орындамағандықтан, құлақ естіп, көз көрмеген қасіреттер болып жатыр. Олардың себептері де көзге көрінбейді. Сондықтан әркім өзінің, бала-шағасының ішіп-жеміне абай болуы керек,-деді ол.-2016 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан «Халал Даму» ЖШС құрылды. Халал сөзі діни ұғымда тазалық, адалдық деген мағына. Бұл сөз біздің ата-бабаларымызға ежелден таныс. Адал ас тұтынған халқымыздан небір ойшылдар, халқына пайдасы тиген нар тұлғалар шыққанын менен жақсы білетін шығарсыз. Олардың бүкіл асы адал болғандықтан ас-суын қазіргі біздер құсап екіге бөлмеген. Ресеймен, Малайзиямен тығыз қарым-қатынас орнатқан біздің мекемеміз Қазақстан бойынша халалдың дамуына ықпалын тигізіп жатыр. Қараша айында Алматыда халал өнімдердің бүкіл республикалық жәрмеңкесі өтті. Оған қатысқан Азамат өңірімізде алғаш рет халал өнімдерін сататын дүкен ашып отыр. Қазір Ақтауда ҚМДБ-ның «Халал» серификатын алған «Берекет», «Ринг» және «Құрық сервисстрой» қасапханалары мен Атамекен ауылында орналасқан ет дүкені бар. Алла қаласа, адал ас өндірушілер қатарын көбейте бермекпіз. Олардың барлығы бақылауда. Ал халал өнімдерге күмәнмен қарайтындар «Халал Дамудың» halaldamu.kz сайтына кіріп, сарапшылардан өз сауалына жауап ала алады.
Жаңа ашылған шағын ғана дүкенді толтырып тұрған азық-түліктің барлығы отандық, made in Kazakhstan.
- Өткен жылы мешітке Алматыдан халал өнімдері бойынша маман келіп, халал ас жөнінде уағыз айтқанында «неге барлық халал азық-түлікті бір дүкеннен сатпасқа?» деген ойға қалып, ойымды өкілге білдірдім. Ол бірден құптай кетіп, мені қараша айында өтетін халал өнімдердің бүкіл республикалық жәрмеңкесіне шақырды. Бардым. Халал өнім өндірушулермен кездестім, мүфтияттағы мамандармен, облыстағы өкіл имам Смайл Сейтбековпен ақылдасып-кеңесіп, ақыры осы дүкенді аштым. Бір қызығы, мен бұған дейін тек ет, шұжық, тауық қана халал болуы керек, ал ұнның барлығы халал деп ойлайтынмын. Олай емес екен. Ұн ақ болуы үшін, піскен нан әдемі көрінуі үшін ұнға да түрлі нәрселер қосылады екен. Бұл басқа ұндардың барлығы жарамсыз деген сөз емес, алайда, арнайы тексеруден өтіп, ешқандай қоспасыз өсірілгені дәлелденсе, күмән тудырмайтын ондай ұн халалға жатады. Қазір бізде «Әділ» маркалы ұн «Халал» сертификатын алған. Осы ұннан жасалған макарон өнімдері де бар. Бізде сараптау комиссиясынан өткен сенімді өнімдер сатылады. Алла қаласа, 1-2 ай шамасында дүкенде ет те сатылатын болады, - деді дүкен иесі Азамат Төлекбаев.
Кәсіпкер жігіт азық-түліктерді делдалсыз, тікелей өндірушілерден алатындықтан тауардың бағасы қолжетімді. Атышулы «Алел» тауығы мұнда да бар. Бірақ елдегі халал өндірушілердің барлығы тауық майын осы тауықтан алатын болғасын, сұраныстың көптігінен бұл құс фермасының тауықты тікелей жеткізуге мүмкіндігі шектеулі екен. Ал «Алатау» тауығы ірі болатындықтан салмағына қарай бағасы да өсіп, тұтынушыларға тиімді бола бермейтіні бар. Дегенмен, бұл мәселе шешілуі қиын шаруа емес.
Жаңа дүкен түстен соң, сағат 15-те ғана ашылады. Өйткені, дүкенді ашқандағы негізгі мақсат дөңгеленген бизнес емес, халықты адал ас ішуге үйрету, өз елімізде өндірілетін таза өнімдерді насихаттау. Жеке кәсіп ретінде айналысатын басқа да жұмыстары жеткілікті Азаматтың басты армандарының бірі—жерлестерін Қазақстанда өндірілген табиғи өнімдермен молынан қамтып, туған елдің экономикасына да, болашақ ұрпақ денсаулығына да өзіндік үлес қосу.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА