ҚР Президенті Н.Назарбаев жылдағыша биыл да қаңтар айының соңында Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Мемлекет басшысы биылғы өз Жолдауында жаңа дәуір қарсаңында еліміздің 25 жылдық даму кезеңінен өткен табыстарымыз бен жетістіктеріміз бар, әлем жұрты таныған Қазақстанның әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылу үшін қазақ халқының табандылықпен ілгері ұмтылуы тиіс екенін айта келіп, «Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді.
Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз.» -деп атап көрсетті.
Елбасы бүгінгі Жолдауында елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажеттігін айта келіп, экономикамыз бен әлеуетіміздің жоғары қарқынмен дамуы үшін бірнеше кешенді міндеттерді алға қояды. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырып отыр. Бұл біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін беретінін баса ескертеді.
Барлық жерде өндірісті автоматтандыру жұмыс тиімділігін арттыру үшін маңызды екені қазірде айқын болса, сонымен қатар басқа дамыған мемлекеттерде қолданылып жатқан роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер заман талабы болып отырғаны ақиқат.
Жолдауда айтылғандай мемлекеттік қызметтер көрсету үрдісінің оңтайлануы, яғни құжаттар шығарту кезіндегі бірнеше құжаттар тапсыру орнына олардың электронды форматқа көшірілуі қарапайым халыққа да тиімді болары сөзсіз.
Елбасы Жолдауында жеке-жеке атап өткен бірнеше өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалармен қатар жаппай кәсіпкерлікті дамыту, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту үшін шағын несие беру, қаржылық сауаттылыққа үйрету ісі халықтың әл-ауқатынының көтерілуіне септігін тигізеді деп ойлаймыз. Сонымен қатар білім беру жүйесіндегі мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы, ағылшын тілін оқытудың кезең-кезеңімен енгізілуі, «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылуы жастар болашағының кепілі деп ойлаймыз. Оқыту бағдарламаларына өз бетімен іздену, ойлау қабілетін арттыру енгізілетін болса ол да біздің жасөспірімдер үшін өте қажет.
Жолдауда денсаулық сақтау жүйесіне де енгізілетін өзгерістер міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің (ММСЖ) енгізілуге тиіс екені, оның кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсына отырып, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына мемлекеттік қолдау көрсетілетіні атап өтілген және жәрдемақылар мен зейнетақының өсуі де халық игілігі үшін деп ойлаймыз.
Елбасы Жолдауымен толықтай таныса отырып, әрбір Қазақстан азаматы ел дамуына өз үлесін қосу үшін білімді де сауатты болып, табанды да адал қызмет атқаруы тиіс деп санаймын.
Г. ҚАСЫМОВА аудандық орталық кітапхана директоры