Жыл аяқталар тұста өлкемізде әр салада оза шауып, өз мамандығының хас шеберлерін анықтайтын игі дәстүр қалыптасты. «Мұнайшы» мәдениет үйінде Жаңаөзен қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жыл адамы - 2017» байқауының үздіктерін марапаттау шарасы өтті. «Алтын жүрек - 2017» номинациясының жеңімпазы мен «Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы» атағының иегерлері анықталды.
Жылына бір рет өткізілетін бұл тақырыпты басқосудың басты бағыты - Елімізге шынайы қызмет етумен қатар, өз мамандығын жете меңгеріп, еселі еңбегімен үлкен жетістіктерге жеткен маман иелерін дәріптеу және мадақтау боп саналады.
Қоғам арасында маңдай терімен абыройлы іс атқарған ел азаматы қай жерде де ел сүйіспеншілігіне лайықты. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан еліміздің қарқынды дамуына зор үлес қосқан және Қазақстанның жарқын болашағы үшін үлкен еңбектің тізгінін ұстаған ел азаматтарын мақтан тұту қажет-ақ.
Алғашқы құттықтау сөз қала әкімі Әділбек Дауылбаевқа беріліп, ол шаһар тұрғындары мен қонақтарын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, қала көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндай келе, сала қызметкерлеріне риясыз еңбектері үшін алғыс айтты.
Қала әкімі Әділбек Дауылбаевпен бірге Жаңаөзен қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай қала халқының әлеуметтік дамуына, қаламыздың өркендеуіне үлес қосып, ел болашағы үшін елеулі еңбек еткен бірқатар азаматтарға қалалық мәслихаттың №18/210 шешіміне сәйкес Жаңаөзен қаласының «Құрметті азаматы» атағын табыстады. Олардың қатарында еңбек озаты, Теңге, Өзен кенорындарының дамуына зор үлес қосқан, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы, «Өзенэнергомұнай» басқармасының зейнеткер-мұнайшысы Тілекбай Төлегенов, білім саласының үздігі, зейнеткер-ұстаз, күні бүгінге дейін облыстық мұрағаттар мен құжаттама басқармасының ұсынысымен мұрағаттанушы болып жұмыс жасап жүрген Өтеулі Сарыбек, Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық саласына елеулі үлес қосып жүрген кәсіпкер, «Кезби» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жеке құрылтайшысы, мекеменің бас директоры Бітім Кезбаев, Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық саласына елеулі үлес қосып жүрген іскер әйел, Жаңаөзен политехникалық колледжінің директоры Тілектес Болатбаева, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Мақсат Ибағаров бар. Қаламыздың «Құрметті азаматы» атағын алған үздіктерге куәлік пен медаль табысталды.
«Алтын жүрек» сыйлығы алдымен халыққа қажет. Себебі, ол қайырымдылықтың нышаны. Кез-келген адам алтын жүрек атына лайық болу үшін тырысады сондықтан мейірімді іспен айналысуға өз ерік-жігерін арнайды. Ал оларды бұл істері үшін бағалау артықтық етпейді. «Алтын жүрек» алдымен адамдарды бір арнада тоғыстырады өйткені, жақсылықтың шекарасы өлшеусіз.
Осы жылдар ішінде «Алтын жүрек» - қайырымдылықтың нышаны іспеттес, қазақ халқының мейірімді әрі атымтай жомарт жандарға бай екенін байқатып келеді. Жыл бойы ұлттық сыйлық ұйымдастырушылары қаламыз бойынша қайырымдылықпен айналысатын жандарды іздеді. Елбасының: «Бізді біріктіретін жеке бастың қамы емес, бізді ел туралы биік ұғымдар, ортақ мүдделер ғана біріктіре алады» - деген болатын. ұалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Бекмағанбетов «Кезби» ЖШС ұжымына қала аумағында іске асырылған қайырымдылық жобаларды жүзеге асыруға қомақты үлесін қосқан, сондай-ақ қоғамдық мәні бар елеулі іс-шараларға демеушілік көрсеткен үшін «Алтын жүрек – 2017» номинациясын табыстады.
Жаңа жыл қарсаңында 2017 жылды қорытындылап, үздік деп танылған әр түрлі сала мамандарына қала әкімінің арнайы марапаты «Жыл адамы - 2017» номинацияларын табыстау сәтіне кезек беріліп, сахна төріне Жаңаөзен қаласының құрметі азаматы Бақтығали Базылов шақырылды. Еліміздің мұнай-газ өндіру саласына елеулі үлес қосып, ел эономикасының әлемдік нарықта тұрақтауына сеп болып отырған «Өзенмұнайгаз» АҚ-на қарасты №2 Мұнай-газ өңдеу басқармасының №2 зерттеу жұмыстары цехының бастығы Қуанғали Шильтиновқа «Жылдың үздік мұнайшысы» номинациясы табысталды. Еліміздің болашақ ат ұстарлары мен көйлек тігерлерін білім нәрін сусындатып, санасының ашықтығы мен жеке тұлға боп қалыптасуына күш салған Т.Әлиев атындағы №1 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Гүлнәр Ағатаева «Жылдың үздік мұғалімі» деп танылды. «Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС Құрылыс құрастыру басқармасының №1 учаскесінің IV дәрежелі сыртқы құбырларды құрастырушысы Қайрат Қалжанов «Жылдың үздік құрылысшысы», ал «Бұрғылау» ЖШС-ның «Ақмолдаев» бұрғышылар бригадасының бұрғышысы Нұрлыбек Масақбаев «Жылдың үздік бұрғышысы» номинациясына лайық деп танылды.
Келесі марапаттарды табыстау үшін сахнаға облыстық мәслихат депутаты Жаңбырбай Дәрменов шақырылды. Кәсіпкерлікпен айналысып қана қоймай, табыстың көзін кәсіптен іздеп жүрген жастарға үлгі болар кәсіпкер, «МұнайӨзенСервисКАН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Темір Мусаев «Жылдың үздік кәсіпкері» деп танылды. Қаламыздың гүлзары мен жасыл желегіне, ауламыздың тазалығына мұқияттылық танытқан «Тазалық» МКҚК құрылыс жөндеу учаскесінің басшысы Рақия Тлейбергенова «Жылдың үздік коммуналдық қызметкері» номинациясын еншіледі. Түніміздің тыныш, күніміздің жарқын өтуіне, тұрғындарымыздың басы аман, бауыры бүтін болуына қызмет етіп жүрген қалалық қорғаныс істері бөлімінің басшысы, майор Марат Қасымов «Жылдың үздік әскери қызметкері» және Жаңаөзен қаласы Ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция майоры Нұрсейт Оразов «Жылдың үздік құқық қорғаушысы» деп танылды.
Денсаулық сақтау саласында ерен еңбек етіп, «Жылдың үздік дәрігері» деп танылған Жаңаөзен орталық ауруханасының «Хирургия» бөлімшесінің меңгерушісі Сайран Хангереевті қалалық мәслихат депутаты Мұрат Сариев марапаттады. Қаламыздағы мәдени шаралар мен әдеби кештердің мәнді де сәнді өтуіне ықпал еткен «Өнер» жедел басқару құқығындағы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры Дәмелі Өтебаева «Жылдың үздік мәдениет қайраткері» деп танылды. Қаламының ұшымен қаламыздағы өзекті мәселелерді оқырмандарына жеткізіп жүрген, өнегелі ой толғап, өзекті сөз өрбіте білетін газетіміздің аға тілшісі Мұратбай Ұлықпан «Жылдың үздік тілшісі» номинациясын иеленді. «Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің» әлеуметтік қызметкері Даржан Назарумбетова «Жылдың үздік әлеуметтік сала қызметкері», «ӨзенЖылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, энергоресурстар өткізу бөлімінің басшысы Айдархан Аженов «Жылдың үздік энергетика маманы» номинацияларын қанжығаларына байлады.
Жаңаөзен қалалық филиалы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Байжанов «Жылдың үздік энергетигі» номинациясымен «Өзенэнергосервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Серік Бақытжановты, «Жылдың үздік спортшысы» номинациясымен «Болашақ» колледжінің ІІІ курс студенті, Испания елінде өткен қаратэ-додан Әлем чемпионы атанып, бүкіл қазақ жұртының абыройын асқақтатқан Еркінбек Байтуреевті, «Жылдың үздік студенті» номинациясымен Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжінің ІІІ курс студенті Қыдырқожа Ахановты марапаттады.
Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласып, «Өнер» үжымының оырндауындағы әсем ән мен биге ұласты.