9 мамыр - Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесі және Жаңаөзен қаласының 50 жылдығына орай Ұлттық ат спорты түрлерінен ат бәйгесі өткізілді. Құланды ипподромында өткізілген бәйгені «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы ұйымдастырды.
Ат спортында спортшының өзі мен оның атына жоғары талап қойылатын ойлы-қырлы, жасанды, бөгесінді жерлерде де өткізіледі. Бір жағынан, бұлайша жарысты бұрын белгісіз, ойлы-қырлы жерлерде өткізу қазіргі заманғы ат спортының классикалық түріне жуықтайды. Бұл елімізде спорттың классикалық түрлерін кеңінен таратуға өзінің пайдасын тигізетіні сөзсіз. Әсіресе аламан бәйгенің спортшының тактикалық шеберлігін жетілдіруде маңызы орасан зор. Жарыста мықты да жылдам спортшылардың бәрі бірдей жеңе бермейді, мұнда кімде-кім жарысты жаттығу жағынан дұрыс құрып, жағдайды дұрыс бағалап, жарыстың барысында атының күшін тиімді пайдаланса сол ғана жеңіске ие болады.
8 мамыр күні өткізілген тай жарысына (6 шақырым) қатысушылар қарасы қалың. Жарыста облысымыздың әр түкпірінен келген Ізтұрған Жамансариннің «Сұркөжегі», Алтынбек Болатбаевтың «Қаратайы», Дулат Тәкеновтың «Шаракөзі», Асан Айтбайұлының «Нұрбаяны», Естөре Қонақбаевтың «Дореми», Болатбек Жарылғасовтың «Оқжетпес», Ербол Қуанышбековтың «Самрұқ», Нұрсұлтан Кленовтың «Ботакөз», Әбу Тастемірдің «Сарыжайлау», Ләззат Жолбаевтың «Шалбас», Орынгүл Серікбаеваның «Қасқалдақ», Сағдат Наурызмағанбетовтың «Камбай» мен «Қаратал», Қуантқан Нұрмағанбетовтың «Қамысқұлақ», Қуандық Құлжабаевтың «Тұмар», «Қарагер» және «Көкбастау», Абзал Ердиевтің «Жирентөбел», Жұмабек Бәжікеновтың «Күреңқасқа», Есбол Убиевтің «Құлагері» мен «Көжегі» түсті. 2 айналым, 6 шақырымды артқа тастаған бейнеулік Асан Айтбайұлының «Нұрбаяны» үшінші келсе, мәреге екінші болып Бостан ауылынан бәйгеге түскен Дулат Тәкеновтің «Шаракөзі» келді. Қызылсайлық Орынгүл Серікбаеваның «Қасқалдағы» бірінші келіп, шын мәнінде жарысқанда жүйріктен жүйрік озатынын дәлелдеді.
Ал, таза қанды тай жарысына түсіп, 2 айналым, барлығы 3 шақырымды шауып өткен Бостан ауылынан келген Алтынбек Ермановтың «Ақсұңқары» мәреге үшінші боп жетсе, тельмандық Қиялбек Қойшыбаевтың «Көркемайы» екінші боп келді. Ұштағандық Айтуар Қайырмағамбеттің «Нұрқасқасы» оза шауып, жүйріктігін дәлелдеп, лайықты I орынды иеленді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Каспийде бекіре аулаған браконьерлер 2 жылға сотталды15 шақырымдық Ошақ бәйгеде Ізберген Бопыловтың «Глобус», Сейсен Ратовтың «Балқасқа», Жолтөре Оңғарбаевтың «Қызғалдақ», Хамза Баймұрзаевтың «Ағжарма», Әбдіғали Таңатаровтың «Ақмыш», Нұрлыбай Наурызовтың «Құрқалмас», Жаңабай Сүйіндіковтің «Бекторы», Еркін Жолымбаевтың «Ахил», Жылқыбек Аралбаевтың «Ақбастау», Ереш Нұрмаммедовтың «Таргим», Ерлан Сүйеуовтың «Платрон», Әлекен Бөлтековтың «Ақсұңқар», Әбіш Бисенбайдың «Аламан», Рахит Өтебековтың «Үркер», Жөнеу Абдуллаевтың «Барыс», Ақнұр Жұмабаевтың «Талисман», Дәрмен Қамаевтың «Жұлдызторы», Арман Жаңалықтың «Байқасқа», Нұраддин Шаңғытбаевтың «Ақмаңдай», Ісенбай Қалдамановтың «Джордан», Ахат Жұмахановтың «Қасанқара», Дүйсенғали Бөлтековтың «Сү лікқарасы» мен Нұрбол Қалмұрзаевтың «Құлагері» сынға түсті. 5 айналымды артқа тастап, мәреге алғаш боп бейнеулік Әбдіғали Таңатаровтың «Ақмышы» жетті. Кейін екінші және үшінші боп Ісенбай Қалдамановтың «Джорданы» мен Ерлан Сүйеуовтің «Платроны» келді.
9 шақырымдық құнан жарысына Дүйсен Қанатбаевтың «Жүлде», Түркменбай Бектұровтың «Іңкәр», Сейсен Ратовтың «Ақтанау», Бекарыс Нұржігіттің «Айкөркем», Ермек Төлебаевтың «Мадонна», Алғыс Базаржановтың «Муртажис», Рамуханбет Қуандықовтың «Ақсауыт», Нұрдәулет Сейдалиевтің «Гүлсары», Алмас Еңсеповтың «Тентек торы», Шыңғыс Ғабитовтың «Гүлсары», Жолболды Айдаровтың «Қызғалдағы», Нұрлан Өтептің «Зарип», Қуаныш Момыновтың «Бойтұмар», Азамат Қожахметовтың «Гаухартас», Ахат Жұмажановтың «Бәйтерек», Абдул Сүйсеновтың «Самрұқ», Қайырбай Атабастың «Сұлтаны» мен Сұлтан Бүркітовтың «Гүлқарасы» түсті. Сайын-Шапағат ауылынан келген Бекарыс Нұржігіттің «Айкөркемі» мәреге тұңғыш жетіп I орынды иеленсе, Жолболды Айдаровтың «Қызғалдағы» мен Рамуханбет Қуандықовтың «Ақсауыты» сәйкесінше II және III орындарға лайық деп танылды. Бұл жарыста өздерін ерекше көрсеткен Шабандоз жігіттер Бақытжан, Ғани мен Қыдырбақыт бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аламан бәйге ертеректе өте алыс қашықтыққа өткізілетін болған. Қазіргі уақытта аламан бәйге жарыс ережесі бойынша 25 шақырымдық қашықтықта өткізіледі. Жарысқа 7 мен 14 жас аралығындағы шабандоз балалар қатысады, дегенмен майталман жокейлердің де қатысуларына да болады. Әдетте мұнда бәйгелер үшін жеңіл салмақты, тырмысқақ және амалшыл балалар таңдалып алынады. Бәйге мен аламан бәйге табандылыққа, батылдыққа, тапқырлыққа үйрететін ұлттық спорттың бағалы түрі болып табылады. 25 шақырымға шабатын аламан бәйгеге 23 сәйгүлік қосылды. 8 айналым қашықтыққа облысымыздың әр өңірінен келген «ер қанаттары» мен шабандоздардың қызу дайындығы байқалды. Олардың қатарында Әсет Көшбаевтың «Қаракөз», Ғалым Кенжебектің «Айжұлдыз», Қасымбек Сәндібаевтың «Ақбақай», Жүзбай Күмісбаевтың «Бәлиторы», Әбдіғали Таңатаровтың «Ботакөз», Жандарбек Жанболаевтың «Нарын», Есенғали Сүйіндіковтің «Мизамторы», Рысмухамбет Қуандықовтың «Айжұлдыз», Әлекен Бөлтековтің «Ақсұңқар», Исатай Әділхановтың «Боран», Саламат Айтбаевтың «Құйын», Қожахмет Ташовтың «Нұрдан», Сисен Ратовтың «Ақбілек», Бақтыбай Бараховтың «Көк дауыл», Бекарыс Нұржігіттің «Дерби», Жолболды Айдаровтың «Айсұлу», Келдібай Ермұхановтың «Медетторы», Айдос Оразбайдың «Лашын», Қуаныш Момыновтың «Нұртөбел», Алтынбек Тәкеновтің «Жыртқыш», Амалхан Табылдиевтің «Қожатұмары» мен Тұрар Сатқанбаевтың «Ақжолы» болды. Жүлделі I орынға Жандарбек Жанболаевтың «Нарыны» лайық деп танылса, II орынды Есенғали Сүйіндіковтің «Мизамторысы», III орынды Келдібай Ермұхановтың «Медетторысы» иеленді. Жеңімпаздарға «Алғыс хаттар» табысталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Әсел ҚОЙШЫБАЕВА