Кеше Ақтау қаласында бірқатар медициналық, спорттық нысан тұрғындарға есігін айқара ашты. Олардың ашылуына облыс басшысы Ералы Тоғжанов арнайы қатысып, жұмысымен танысып қайтты.
Алғашқы нысан – дәрігер Бубновскийдің орталығы. Ресейлік дәрігердің емдеу әдістері өз елінде ғана емес ТМД елдерінде де беделге ие. Қазақстанның да барлық өңірінде орталықтары жұмыс істейді. Мұнда тірек-қимыл, буын ауруларын отасыз, дәрі-дәрмексіз емдейді. Сергей Бубновский осыдан ширек ғасыр бұрын аталмыш сырқаттарға қатысты жаттығу түрлерін ойлап тапқан.
Емдеу-сауықтыру орталығында тірек-қимыл жүйесін, омыртқаның қисауын, буындарды оңалтуға бағытталған жаттығулар жиынтығы бар.
- Соңғы уақытта адамдарда тірек-қимыл жүйесі аурулары жиі кездеседі. Орталық жұмысын бастаған бір айда мұнда жүзден астам тұрғын келіп, ем алып жатыр. Біз келушілерді 7-8 жастан бастап қабылдаймыз. 12 маман қызмет етеді. Оның ішінде бас дәрігерлер бар, инструкторлар бар. Олардың барлығы Мәскеудегі Бубновский орталығында оқып келген. Біздің орталықтарымыз Қазақстанның барлық аймағында деуге болады, шағын қалаларда да бөлімдеріміз жұмыс істейді. Ал Маңғыстау облысында алғаш рет ашылып отыр. Алдағы уақытта көбейту ойда бар, - дейді Ақтау қаласы Бубновский орталығының директоры Рахметулла Ермұханов.
Айта кетейік, мұнда студенттерге, мүгедектер мен қарттарға жеңілдіктер де қарастырылған.
Бұдан соң өңір жұртына белгілі «Нейрон» көпсалалаы клиникасының тағы бір ғимаратының лентасы қиылды. Клиника күніне 200 науқасты қабылдауға қауқарлы. Алғашқы медициналық, санитарлық көмектен бастап медициналық қызметтің барлығын көрсетуге әзір. Мұнда 50 маман жұмыспен қамтылмақ.
Өз жұмысын бастаған нысандардың бірі – «Туған жер» Кекушинкай каратэ спорт клубы. Қазақстан Кекушинкай каратэ Федерациясы 1997 жылы құрылған. Еліміздің барлық аумағын қамтитын ұйымның бүгінде 20 мыңнан астам шәкірті бар. Оның президенті – жерлесіміз, Қазақстан бойынша жалғыз қара белбеу 7 дан иегері Найзабеков Тәжімұрат Толбайұлы.
- Ақтауда спортты дамыту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Оның дәлелі 2017 жылы ашылған Маңғыстау Арена, Батыр, Меловой сынды спорт кешендері. Бұл орталықтарда спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ жастарды спортқа баулу мақсатында воркаут алаңдары мен демеушілер арқылы көше тренажерлері салынуда. Міне, Кекушинкай каратэден әскери спорттық аула клубын қалаға сый ретінде ашып отырған Тәжімұрат Толбайұлына өз алғысымды білдіргім келеді, - деді облыс басшысы Ералы Лұқпанұлы өз сөзінде.
Спорт зал ашу клуб басшысы әрі бас жаттықтырушысы Руслан Сүйеуовтің бала кезгі арманы екен. 2 дүркін Әлем, 3 дүркін Еуропа, 10 дүркін ҚР чемпионы және Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Руслан ізінен ерген інілеріне кекушинкай каратенің қыр-сырын үйретуге әрқашан дайын. Орталық балаларды 5 жастан бастап қабылдайды. Мұндағы ең үлкен қатысушы 50 жаста екен.
-Бұл спорт кешен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ашылды. Қазірдің өзінде бізге келушілер саны көп, сұраныс артып жатыр. Оны ата-аналардың, балалардың қызығушылығынан байқауға болады. Әлі де арта түседі деген сенімдеміз. Енді сол жастарымызды спортқа баулып, еліміздің туын желбіретер чемпиондар тәрбиелеу мақсатымыз бар, - дейді Руслан Сүйеуов.
Клубта қазір 70-80 адам жаттығады. Дегенмен 250-300 адамға дейін қабылдай алады. Зал душ, киім ауыстыру, бапкерлер бөлмесімен қамтылған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="45564,45563,45562,45561,45560"]