©
Отпан тау басындағы Амал мейрамын ұйымдастыруды өткен жылы Ер Қосай (Түркіменадай) руының азаматтары абыроймен атқарды. Ал биыл бұл игі істі Тәзіке руынан тараған ұрпақ мойнына алған еді. Бүгін, яғни 13 наурыз күні сағат 20:00 шамасында Отпан Тауда от жағылды. Сөйтіп Қаратаудың ең биік шоқыларының бірінде биыл бейбітшілік пен бірліктің отын Тәзіке ата ұрпақтары маздатты.Маңғыстау халқының жартысы жыл сайын Амал мейрамын Отпан тауда қарсы алады.
Адай ата ұрпақтары әр жылда бір-біріне эстафета жалғап, кезегімен ұйымдастыратын үлгілі үрдіске айналды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен зияткерлер, ғалымдар келіп, Отпан тауда бас қосады. Ал биыл қашықта тұратын Тәзіке ұрпақтары ғана емес. Басқа да алыстағы Сегіз Арыс Адай ұрпақтары жиналып, танымайтын ағайындарымен табысады.
Қазақстанның Батыс өңірінде әз Наурыз 14-наурыз – Амал (Көрісу) мерекесімен басталады. Көрісу күні бүкіл еліміз бойынша ресми мейрам ретінде мойындалмаса да, Батыс аймақтың жұртшылығы бұл күнді асыға күткен еді. Ендеше, Жыл құтты болсын! Жылдан жылға аман-есен жетейік. Амал мерекесі берекесімен келсін.Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН