Көктемнің алғашқы аптасымен бірге 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні басталады. Бұл - бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар мен нәзік жанды қыздар қауымының төл мерекесі. Осы мерекеге орай № 5 орта мектепте қалалық кәсіподақ бөлімінің ұйымдастыруымен, Наурыз мейрамына арналған «Наурыз – Көктем» атты әжелер ансамбльдерінің байқауы өтіп, оған қаланың № № 3, 5, 6, 8, 9, 10, 14, 16, 20, 22, 28 -мектептері мен № № 1, 4, 23, 31, 33, 37, 42, 44, 56, 59, 61-балабақшаларынан 7 адамнан құрылған 40 жастан жоғары өнерпаз топтар қатысты. «Ана туралы» әнмен басталған байқау орындаушыларының: шығармаларды жанды дауыспен айту, баян, аккардеон, гитараның сүйемелдеуімен үміткерлердің орындаушылық шеберлігі, орындалар әннің тақырыпқа сай болуы, сахна мәдениеті мен киім үлгісі, ән айту мәнері мен дауыс ырғағы, сөз мәнерінің тазалығы, ырғақты сезінуі сынға түсетін сайыста ансамбльдер вокал жанрында үш номинация бойынша - халық әні номинациясы бойынша 1 ән, акапелла, сүйемелдеусіз, халықтық, классикалық шығармалар, 1 шығарма, өз таңдаулары бойынша попурри орындады.
Байқауға қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төреайымы, қазылар төрайымы К. Еңсегенова, Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының маманы Ж. Үмбетова, Жазушылар одағының мүшесі, жергілікті балалар ақыны, сазгер, ұлағатты ұстаз К.Ыбыраев, Мұнайлы ауданы «Өнер» мектебінің ән – саз пәні мұғалімі Ж. Айтымова, Ақтау қалалық №12 орта мектебінің ән –саз пәні мұғалімі Ұ. Жұмағалиева төрелік етті.
Байқау қорытындысында Бас жүлде - №3 мектебіне, І орын - №8 мектебіне, № 1балабақшасына, ІІ орын - №5, №22, №10 мектептеріне, ІІІ орын - №6, №14 о/м , №31 балабақшаларына бұйырды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ