©
Рахат ҚОСБАРМАҚ, ақын. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі
АМАЛ
Амал күні қазағым көріседі, Көрісу, бұл – көненің желісі еді. «Жасың құтты болсын!» деп жамырасып, Ақ ниетпен адал қол беріседі. Көріседі – «Көңілдер жібісін» деп, Көріседі – «Тасысын ырысың!» деп. Көріседі – «Көк мұз да жылысын» деп, Көріседі – «Оң болсын Ұлысың!» деп. Көріседі – қайғы-мұң кетіруге, Көріседі – қайтадан жетілуге. Алты ай қыстан арыған жанын демеп, Көріседі – бел буып, бекінуге. Ағайынды араздық ірітеді, Ауызбірлік, ынтымақ-үгіт – емі. Ескі жылда қатқан мұз, қалған сызды Көріскен күн көңілмен жібітеді. Бұзуға бұл дәстүрді еш бата алмайды, Тірі пенде тып-тыныш жата алмайды. «Ырыс алды – ынтымақ, бірлік қой» деп, Абыз шалдар алыстан мақалдайды. Қаймана елді қаратқан ауызына Қарттарыма қарсы тіл қата алмайды. Құшақтасып көрісіп қуанышпен, Ауыл-үйдің арасын сапарлайды. Ешкім бұл күн ежелгі ерегесін, Ескі кегін қоздырып, ақы алмайды. Өткен жылдың өкпесін, өкінішін Жаңа жылға арқалап апармайды. Татыр төбе бөленіп таңмен нұрға, Бас бостандық берілер заңмен құлға. Он төртінде наурыздың от жағылып, Ошақ басы толады ән мен жырға. Алақайлап жан-жаққа жаршы бармақ, Алты ай қыстың азабын аршып алмақ. Алтыбақан құрылып, айнала жас, Алты қырдан асады ән шығандап. «Қарау ой мен қас пиғыл құриды» деп, «Арамзалар аспанға ұлиды» деп; Айтушы еді шалдарым: «Амал күні Самарқанның көк тасы жібиді» деп. Кеңпейілдер кекшілді жаратпайтын, Киелі үйге кесірді жолатпайтын. Осы күні ормандай қалың елдің Отауына бақыт кеп қонақтайтын. Ала таңнан міндет қып азанды Алла, Отанына бақ тілер озалдан да. Уақыттың теңелгенін білдіретін «Ұзынсары» салынып қазандарға. Қырым-дала бас иген, Ұрым-қала, Қызың – дара болғанда, ұлың – дана. «Құсқанаты» жауғанда құба белге, Құлдыраңдап шабатын құлын-бала. Кәрі құда күркілдеп жөтеледі, Қолдан келсе, қопарып кетер еді. Ақша қары наурыздың жауғаннан соң, Айдаһар-қыс көрпесін көтереді. Есті тентек ақылы тез кіреді, Екі дүние астасқан мезгіл еді. Қар астынан қылтиып бәйшешек-гүл, Қасиетін көктемнің сездіреді. Сергек бала сең-қарды сере бұзып, Деміл-деміл жүгірер дене қызып... ...Көрісейік ендеше, ей, адамдар, Көңіл шіркін сілкінсін көбе бұзып. Ел жайлаған иесіз қап Еділ бойы, Тұнып жүрек түбінде шөгінді-ойы; Алла содан сақтасын – Адамдар бар Көріспестен кететін өмір бойы. Суынуға келгем жоқ сұм дүниеге, Бұл ғаламға адамзат бір күн ие ме?! Бірін-бірі көрместен, көріспестен Кетіп жатыр қанша адам бұл дүниеде!"Мұңал Ата - Қарашаңырақ" кітабынан Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН